Шығыс Қазақстан облысында «Қазақстанның жаңа Конституциясы: институционалдық өзгерістер және құқықтық мемлекетті дамыту» тақырыбында ғылыми-тәжірибелік конференция өтті, деп хабарлайды Malim.kz.
Басқосуға сот жүйесінің, құқық қорғау органдарының өкілдері, депутаттар, ғалымдар мен азаматтық сектор мүшелері қатысты.

Конференцияны ашқан Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов Конституцияның мемлекет өміріндегі рөліне тоқталып, оның тек құқықтық құжат ретінде емес, қоғамдық тұрақтылық пен азаматтық келісімнің негізі екенін атап өтті.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен елімізде ашықтық, әділдік және заң үстемдігі қағидаттарына негізделген ауқымды жаңғыру бағыты жүзеге асырылып келеді. Бүгінде біздің алдымызда заңның орындалуын қамтамасыз етумен қатар, қоғамда жоғары құқықтық мәдениетті қалыптастыру, жауапкершілік пен азаматтық сананы нығайту міндеті тұр. Қазіргі жағдайда жастарды елдің дамуы мен жасампаздық үдерістеріне кеңінен тарту аса маңызды. Жас ұрпақ Конституцияны тек құқықтық құжат ретінде ғана емес, өз құқықтарын, мүмкіндіктері мен болашағын қорғайтын нақты тетік ретінде қабылдауы қажет. Жүзеге асырылып жатқан барлық реформалардың басты мақсаты — Қазақстанның тәуелсіздігін нығайту, азаматтардың өмір сүру сапасын арттыру және тиімді, әділетті әрі халыққа есеп беретін мемлекет қалыптастыру. Заң үстемдігіне, азаматтық жауапкершілікке және қоғамдық бірлікке сүйене отырып қана біз еліміздің стратегиялық мақсаттарын табысты жүзеге асыра аламыз деп сенемін, - деді облыс әкімі.
ҚР Конституциялық Сот төрағасының орынбасары Бақыт Нұрмұханов Шығыс Қазақстан облысының жалпыұлттық референдумда жоғары белсенділік танытқанын атап өтті.

Қадірлі қонақ жаңа Конституция аясында орын алып жатқан оң өзгерістер бойынша мысал келтірді. Әңгіме Конституциялық Соттың биылғы 18 мамырда қабылдаған шешімі туралы болды.
Аталған іс облыстық сот төрағасының ұсынымы негізінде қаралған. Соның аясында Әлеуметтік кодекстің жекелеген нормаларының Конституцияға сәйкестігі зерделенді. Бұл мәселеге Ұлан ауданында тұрған, кейін шетелге қоныс аударған азаматшаның жағдайы себеп болған.

Жиырма жылдан астам еңбек өтілі бар әйел зейнет жасына жеткен соң Өскеменге келіп, зейнетақысын рәсімдеуге өтініш берген. Алайда оған қолданыстағы Әлеуметтік кодекстегі талаптарға сәйкес, Қазақстан аумағында тұрақты тұрмайтыны негізінде бас тартылған.
Конституциялық Сот бұл мәселеге құқықтық тұрғыдан баға бере отырып, жасына байланысты әлеуметтік қамсыздандыру Конституциямен кепілдендірілетінін атап өтті. Зейнетақы — азаматтың көп жылғы еңбек қызметінің нәтижесінде қалыптасқан құқығы. Оны растайтын негізгі көрсеткіш — еңбек өтілі. Сондықтан азаматтың тұрақты тұрғылықты жері оның заңды түрде зейнетақы алу құқығына кедергі болмауға тиіс деген қорытынды жасалды. Қазір біз облыстық соттың осы шешім аясындағы алдағы ұстанымын қызығушылықпен бақылап отырмыз. Бұл — Конституциялық Соттың, сот жүйесінің және азаматтық қоғамның өзара тиімді іс-қимылы нәтижесінде Конституция нормаларының іс жүзінде жүзеге асып, азаматтардың құқықтары нақты қорғалатынын көрсететін айқын мысал, - дейді Бақыт Маратұлы.
Бұл жағдай сот жүйесі мен конституциялық бақылау институттарының тиімді өзара іс-қимылы нәтижесінде азаматтардың құқықтары іс жүзінде қорғалып, заң аясында шешім табатынын көрсетті.
Сондай-ақ шараға Парламент Мәжілісінің депутаты, заң ғылымдарының докторы Үнзила Шапақ, Әділет министрлігі жанындағы Парламентаризм институтының атқарушы директоры Алмас Қанатов және өңірдің сот әрі құқық қорғау жүйесінің өкілдері қатысты.
Конференцияда заң ғылымдарының докторы Үнзила Шапаққа Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің Құрметті профессоры атағы табысталды. Марапат иесінің құқық саласындағы ғылыми еңбектері, заңнаманы жетілдіруге қосқан үлесі және жоғары білім мен құқықтық мәдениетті дамыту бағытындағы қызметі ерекше атап өтілді.
Сонымен қатар жиында «Әділетті Қазақстанның жаңа Конституциясы» атты студенттер арасындағы байқаудың қорытындысы жарияланып, жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті.