Көкшетауда 52 жастағы әйелдің өліміне әкелген жол-көлік оқиғасына байланысты екі қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы Ақмола облыстық полиция департаменті мәлімдеді, деп хабарлайды Malim.kz.
Қылмыстық іс бір жағынан көлік жүргізген әйелге, екінші жағынан марқұм әйелді басып кеткен автокөліктің иесіне қатысты қозғалған.
«Көлік тізгіндеген әйелге қатысты жол қозғалысы ережелерін және көлік құралдарын пайдалану талаптарын бұзу фактісі бойынша, адам өліміне әкелген жағдайға байланысты сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде», – деп хабарлады облыстық полиция.
Тергеу барысында белгілі болғандай, әйелдің көлік жүргізу құқығы болмаған және тиісті оқудан өтпеген.
Сонымен қатар, автокөлік иесі – оның жұбайына да қылмыстық іс қозғалды. Себебі ол жүргізуші куәлігі жоқ адамға көлікті басқаруға рұқсат берген. Мұндай құқықбұзушылық бас бостандығынан айыруға дейінгі жаза қарастырады.
«Қазіргі уақытта жол-көлік оқиғасының мән-жайын объективті анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде», – делінген полиция хабарламасында.
11 мамырда Көкшетау қаласының мамандандырылған тергеу соты күдікті әйелге қатысты бұлтартпау шарасы ретінде үйқамақ тағайындады.
Қылмыстық істі тергеу барысы Ақмола облысы полиция департаменті басшылығының бақылауында.
Еске салайық, Көкшетауда тұрғын үй ауласына кіреберісте автокөлік әйелді қағып, ол оқиға орнында қаза тапқан. Трагедияның видеосы әлеуметтік желілерде тараған.