Ақмола облысының Қосшы қаласында жалған некеге дайындықпен байланысты алаяқтық дерегі бойынша тергеу жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды Malim.kz.
Әлеуметтік желі арқылы танысқан әйелге сеніп, онымен отбасын құруды жоспарлаған 28 жастағы ақмолалық азамат 1,5 миллион теңгеден айырылған. Алаяқтық фактісі бойынша полицияға арыз 31 қаңтар күні түскен.
Жәбірленушінің айтуынша, бірге тұрған әйел тойға дайындық пен қалыңмал төлеу сылтауын алға тартып, ірі көлемде ақша алған. Тергеу барысында белгілі болғандай, 2025 жылдың тамыз айында ер адам әлеуметтік желіде бір қызбен танысқан. Ол өзін Шымкенттің тумасы ретінде таныстырып, отбасы сол жақта тұрады деп сендірген.
Қысқа уақыт араласқан соң жұп бірге өмір сүруге шешім қабылдап, елордадан пәтер жалдаған. Ер адам сүйіктісін ата-анасымен таныстырғанымен, әйел өз туыстарымен таныстыруға асықпаған. Алайда жігіт бұл жайтқа ерекше мән бермеген.
Бір жарым айдан кейін әйел жүкті екенін айтып, жігіт неке қиюға және той қамына кіріскен. Шығынды азайту үшін олар Қосшы қаласындағы жалдамалы пәтерге көшкен. Жәбірленушінің сөзінше, оның ата-анасы болашақ құдаларға пәтер алу үшін 950 мың теңге кепілақы берген. Сонымен қатар болашақ келінге 600 мың теңгеден астам сомаға алтын әшекейлер сатып алынған.
Алайда көп ұзамай әйел байланысқа шықпай, қоңыраулар мен хабарламаларды елемей кеткен. Кейін анықталғандай, күдікті бұрын тұрмыста болған және үш баласы бар.
Өзін алданғанын түсінген ер адам полицияға жүгінген. Қазіргі таңда аталған дерек бойынша алаяқтық бабымен қылмыстық іс қозғалып, күдіктінің жүрген жерін анықтауға бағытталған жедел-іздестіру шаралары жүргізілуде.
Полиция азаматтарды интернет арқылы танысқанда барынша сақ болуға шақырады.
"Қысқа уақыт ішінде танысқан адамдарға ақша немесе құнды заттарды сеніп тапсыруға болмайды. Әсіресе бірге тұру немесе неке мәселесі қозғалғанда ерекше мұқият болған жөн", – деп ескертті өңірлік полиция департаменті.