Айзат Жұманованың өліміне қатысты іс бойынша күдікті ретінде танылған күйеуі Айбар Жанболат сот алдында жауап беруде. Жетісу облыстық мамандандырылған ауданаралық қылмыстық сотында алғашқы отырыс өтті, деп хабарлайды Malim.kz.
Судья Әділет Бақытов төрағалық еткен тыңдауда қорғаушы тарап процессті жабық форматта өткізуді сұрағанымен, сот өтінішті қабылдамай, істі ашық түрде қарауды шешті.
Мемлекеттік айыптаушы Нұрлан Билібеков айыптау актісін жариялап, тергеу нұсқасына сәйкес қайғылы оқиға болған күні сотталушы мас күйде болып, қызғаныштың әсерінен Айзатты ұрып-соққанын айтты.
Негізгі сот отырысы 5 желтоқсан күні сағат 10:00-де жалғасады.
Еске сала кетейік, Айзатты күйеуі ауруханаға жеткізгенімен, әйел алған ауыр жарақаттарынан көз жұмған. Алғашқы тергеу "денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру, абайсызда өлімге әкелу" бабымен жүрді. Алайда марқұмның туыстары қайта сараптама жасатып, жарақаттардың жүйелі түрде, ауыр затпен салынғанын дәлелдегеннен кейін іс ҚК-нің 99-бабы – "Адам өлтіру" бойынша қайта квалификацияланды.