Алмасбек Садырбайдың ісі прокурорларға жетті

Субсидия схемасымен 1,2 млрд теңге жымқырды деген күдікке ілінген «Шаңырақ» қоғамдық бірлестігінің басшысы Алмасбек Садырбайдың ісі Қаржылық мониторинг агенттігінен арнайы прокурорларға өтті. Бұл туралы Бас прокуратура Kazinform сауалына жолдаған жауапта түсіндірген.
Қазіргі таңда А.Садырбай ҚК-нің 190-бабының 4-бөлігінің 2-тармағымен көзделген қылмыстық құқық бұзушылық жасады деген күдікпен Алматы және Жетісу облыстары бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты тергеу изоляторында күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасымен қамауға алынған, - деп жазылған жауапта.
Айта кету керек, бұл тармақ осы баптың алғашқы 3 бөлігінде көрсетілген қылмыстарды аса ірі мөлшерде жасаған жағдайда қолданылады. Оның ішінде мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамға теңестірілген тұлға ретінде адамдар тобымен сөз байласа отырып, өзінің қызмет бабын пайдалана отырып, ақпараттық жүйені пайдаланушыны алдау немесе сенімін теріс пайдалану арқылы мемлекеттік сатып алу саласында екі немесе одан да көп адамға қатысты бірнеше рет жасалған алаяқтық жолмен бөтеннің мүлкін жымқыру немесе бөтен мүлікке құқықты иемдену әрекеттері бар. Күдіктіні сот кінәлі деп таныса, мүлкі тәркіленіп, 10 жылға дейін бас бостандығынан, өмір бойына белгілі бір қызметтермен айналысу құқығынан айырылуы мүмкін.
Еске салсақ, әуелде Қаржылық мониторинг агенттігі Алмасбек Садырбайды Қылмыстық кодекстің 189-бабы бойынша қамауға алған болатын.
Бас прокуратура бұл іс өздерінің қарауына неге алынғанын былайша түсіндіреді:
- Аталған қылмыстық іс Қылмыстық-процессуалдық кодекстің 194-бабының негізінде Алматы облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінен тергеу реттілігімен Алматы облысы прокуратурасының Сотқа дейінгі тергеп-тексеру басқармасының өндірісіне қабылданған. Бүгінгі күні қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. ҚПК-нің 201-бабының талаптарына сәйкес, тергеп-тексерудің өзге мәліметтері жария етуге жатпайды, - деп жазады Бас прокуратурадағылар.
Аталған кодекстің 194-бабының 3-тармағында іс тым күрделі болса, әрі әділ жүргізіліп жатқанына күмән туындаса, қылмыстық істі прокуратура өзі қарауы мүмкін екені айтылған.
Фото: А. Садырбайдың Facebook парақшасынан

Ең көп оқылған
