ІІМ жүргізуші куәлігін алуға «көмектесетін» алаяқтар туралы ескертті
Алаяқтар төлемді алдын ала сұрайды
Әлеуметтік желілерде сыйақыға жүргізуші куәлігін алуға көмек көрсететіндер туралы ақпараттар таралып жатыр. Ішкі істер министрлігі мұндай заңсыз әрекеттер үшін қылмыстық жауапкершілік көзделгенін ескертеді, деп хабарлайды Malim.kz.
Министрлік мәліметінше, алаяқтар төлемді алдын ала сұрап алып, артынан ізін суытады.
Осыған байланысты ІІМ азаматтарды мұқият болуға және күмәнді келісімдерден аулақ болуға шақырады.
Мұндай тәсілмен жүргізуші куәлігін алу мүмкін емес, деп жазды министрлік мәлімдемесінде.
Заңға сәйкес жүргізуші куәлігін алу үшін автомектепте оқудан өтіп, қажетті санат бойынша курсты аяқтағаны туралы куәлік алу қажет. Кейін сол санат бойынша теориялық және практикалық емтихандарды тапсыру үшін арнайы ХҚКО-ға жүгіну керек.
Ол үшін жеке басты куәландыратын құжаттарды, автомектепте оқу курстарын аяқтағаны туралы куәлікті, медициналық анықтаманы, жүргізуші куәлігін дайындау үшін мемлекеттік баж төленгені туралы түбіртекті ұсыну қажет.
Емтихандарды сәтті тапсырған жағдайда азаматқа көлік құралын басқаруға арналған жүргізуші куәлігі беріледі. Бұл міндетті рәсімдер, деп жазды министрлік.
Фото: oqu.news