Жетісу облысындағы Көксу өзенінің маңында заңсыз құрылыс жүргізіліп жатыр
Наразы топтың үндеуіне Жетісу облысының табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы жауап берді

Кербұлақ ауданы, Көксу өзені маңында белгісіз әлдекімдер өзен маңын арнайы техникамен қазып жатыр. Жетісулық бір топ белсенді өзен жағасында жүріп жатқан осы құрылыс жұмыстарына наразы.
Желіге тараған жазбаға қатысты Жетісу облысының табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы жауап берді.
Белсенділердің айтуынша, ешқандай ескертпесіз әлдекімдер табиғатты бүлдіріп, заңсыз құрылыс жүргізуде. Облыс тұрғындары мен демалушыларға таптырмайтын мекенді техникамен таптап, тасын қопарғандарға наразылық білдіргендер мәжіліс депутаттарына мұны назарға алуды өтінді. Наразы топтың үндеуіне Жетісу облысының табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы жауап берді.
— Жетісу облысы Кербұлақ ауданында Рудничный СЭС құрылысын салу үшін 3,7 га жер учаскесі облыс әкімінің (13.08.2020 ж. № 301) қаулысымен 2025 жылдың 1 шілдесіне дейін «ЭнергоБилдСервис»ЖШС-не берілген болатын. Аталған жоба бойынша қоғамдық талқылаулар 2024 жылғы 11-18 наурыз аралығында өтті. Қоғамдық тыңдаулар барысында жұртшылық тарапынан ескертулер мен ұсыныстар түскен жоқ. «ЭнергоБилдСервис» ЖШС тарапынан Рудничный СЭС-1, 2 құрылысының жобалық құжаттамасынтүзетуге (корректировка) байланысты 2024 жылғы 26 наурызда жұмыс жобасын «Қоршаған ортаны қорғау» бөлімі қосылып, «Жетісу облысының табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасына жолданды. Басқарма мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысын шығарды. Қазір басқарма басшысы Кербұлақ ауданы және Текелі қаласы әкімінің орынбасарларының, сондай-ақ «ЭнергоБилдСервис» ЖШС өкілінің қатысуымен кеңес өткізді. Жиын барысында барлық мән-жай анықталғанға дейін құрылысты тоқтатуға, сондай-ақ Рудничный СЭС-1, 2 құрылысы бойынша мүдделі жұртшылықтың қатысуымен жиналыс өткізу туралы шешім қабылданды», - деді Жетісу облысының табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы.
Фото: видеодан алынған скрин