Биыл Қазақстанда 11 мың шақырым жолға құрылыс-жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды Malim.kz.
2026 жылы елімізде құрылыс және жөндеу жұмыстары рекордтық 11 мың шақырым автожолды қамтиды. Оның ішінде 3,4 мың шақырым республикалық маңызы бар автожолдар салынып, қайта жаңғыртылуда. Сонымен қатар 5 мың шақырым республикалық трассада күрделі және орташа жөндеу жұмыстары жүргізілсе, жергілікті маңызы бар 2,4 мың шақырым жол жаңартылып жатыр.
Үкімет баспасөз қызметінің дерегіне сүйенсек, жолдарды күтіп ұстау мақсатында елімізде ақылы жолдар желісі де кеңейтіліп келеді. Жуырда жалпы ұзындығы 1,6 мың шақырым болатын тағы алты жаңа ақылы бағыт іске қосылады.
Олар:
- Қарағанды – Балқаш;
- Бурылбайтал – Күрті;
- Ақтөбе – Қандыағаш;
- Талдықорған – Өскемен;
- Атырау – Астрахань;
- Мерке – Шу бағыттары.
Осылайша Қазақстандағы ақылы автожолдардың жалпы ұзындығы 4,9 мың шақырымнан 6,7 мың шақырымға дейін ұлғаяды.