freedom
Саясат Аналитика Қоғам Мәдениет Сұқбат Спорт Абай-175 Ұлттық спорт Экономика Malim podcast Inclusive society Әлем Құқық Денсаулық Тұлға-таным Кино Білім-ғылым Шоу-бизнес Әдебиет Оқиға Экология Хикаялар MALIMet

«Күзетші мас болған»: Теміртауда тоққа түскен балаларға қатысты тың мәліметтер белгілі болды

Оқиға
«Күзетші мас болған»: Теміртауда тоққа түскен балаларға қатысты тың мәліметтер белгілі болды
Бейнежазбадан скриншот

Теміртауда мектеп оқушылары құрылыс алаңында ойнап жүріп, ток соғу салдарынан ауруханаға түсті, деп хабарлайды Malim.kz КТК-ға сілтеме жасап. 

Оқиға салдарынан 9 және 12 жастағы балалар зардап шеккен. Жақын маңдағы тұрғындардың айтуынша, балалар құрылыс алаңының жанында ойнап жүрген кезде олардың бірін ток соққан. Оған көмектеспек болған достары да зардап шегіп, үшеуі де ауруханаға жеткізілген.

Алғашында олардың барлығы жансақтау бөліміне жатқызылып, келесі күні күйік және неврология бөлімдеріне ауыстырылған. Аула тұрғындарының айтуынша, қосалқы станциядан құрылыс алаңына тартылған сым бірнеше жылдан бері тұрғындарды алаңдатып келген.

«Жаңбыр кезінде ол қоршаудан өтіп бара жатып сүрініп кеткен. Сол кезде оны қатты ток соқты. Ол құлап қалды. Біз барып, көтеріп алдық, есін жиғызуға тырыстық. Тот басқан сым бар еді, мен оған “ұстама” деп айқайладым. Бірақ ол ұстап қалды, бір ер адам да сымды ұстап, шайқап көрді, содан кейін қолы босап кетті», - дейді куәгер Григорий Станку.

Салдарынан төртінші сынып оқушысы беті мен мойнынан күйік алған, ал оның достары да дәрігерлердің бақылауында. Зардап шеккен балалардың бірінің анасы Мариямның айтуынша, баласының жағдайы тұрақты.

«Баламның жағдайы тұрақты, басқа балалар да тамақ ішіп жатыр, дәрігерлер бақылауында. Әрине, қатты қорықты. Қақпалар ашық болған. Нысанды күзету керек еді, бірақ күзетші мас болған», – деді ол.

Тұрғындар құрылыс алаңында қауіпсіздік талаптары мүлде сақталмағанын айтады. Кабель қосалқы станциядан тартылып, күзетшінің будкасын электрмен қамтамасыз етіп тұрған. Сонымен қатар, жақын маңда көпқабатты үйлермен қатар мектеп те орналасқан.

«Үш жылдан бері осы жерде тұрамыз, сол уақыттан бері сымды не жоғары көтерсін, не алып тастасын деп талап етіп келеміз. Айына бір рет уақытша көтеріп қояды. Мұнда жоғары кернеулі екенін көрсететін ешқандай белгі жоқ. Учаскелік полицияны да шақырдық, бірақ нәтиже жоқ. Бұл тек балаларға емес, ересектерге де қауіпті», – дейді тұрғын Ирина Ясинович.

Теміртауда кезекте тұрғандарға арналған үйлердің құрылысы бес жылдан бері жүріп жатыр. Қауіпсіздік талаптарының сақталуы енді тергеу барысында анықталмақ. Оқиғаға байланысты «Салғырттық» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Жағдайға қала әкімдігі де пікір білдірді. Құрылыс бөлімі басшысы Нұржас Жақытайдың айтуынша, оқиға бойынша тергеу амалдары жүргізілуде. Сондай-ақ, бұл нысан ұзаққа созылған құрылыс ретінде проблемалы саналады. Өткен жылы мердігер өз міндеттемелерін орындамағандықтан, тамыз айында келісімшарт бұзылған.

Қазіргі уақытта сот процестері жүріп жатқандықтан, құрылыс жұмыстары тоқтатылған. Ал жергілікті тұрғындар құрылыс алаңында қауіпсіздік шараларын күшейтіп, тәртіп орнатуды талап етуде.

Ұқсас мақалалар

Жылдам сілтемелер
Іздеу