Марқұм Айзат Жұманованың туған әпкесі Раушан Дәуренбекова сот үкіміне қатысты өз пікірін білдіріп, іс барысында назардан тыс қалмаған маңызды жайттарды айтып берді. Бұл туралы Malim.kz тілшісі Ulysmedia.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Раушан Дәуренбекованың айтуынша, бастапқыда қылмыстық іс Қылмыстық кодекстің 106-бабы бойынша тіркелген. Алайда марқұмның туыстары бұл баппен келіспей, істі қайта қарауды талап еткен. Нәтижесінде мәйіт эксгумацияланып, қосымша сот-медициналық сараптама жүргізілген.
"Кейін жүгіріп жүріп 99-1-ге алып келдік. Эксгумация нәтижесімен келдік. Мәйітті 59 күн дегенде қазып алдық. Эксгумацияны өз көзіммен көрдім. Ішінде, сыртында қаншама жарақат болды. Сондықтан бапты өзгерттік", – дейді Раушан Дәуренбекова.
Сонымен қатар ол әлеуметтік желілерде тараған «Айзат жүкті болған» деген ақпаратты жоққа шығарды. Оның айтуынша, марқұмның құрбысына айтқан «жақсы хабарым бар» деген сөзі жүктілікке қатысты болмаған.
"Айзаттың құрбысы "Айзат маған келемін, жақсы хабарым бар" деп 17-сі айтқан. Айзат 21-і қайтыс болды. Біз жүкті болған шығар деп ойладық. Бірақ жүкті болмай шықты", – дейді ол.
Жәбірленуші тараптың өкілдері сот үкімімен келіспей, алдағы уақытта апелляциялық шағым түсіруді жоспарлап отырғанын мәлімдеді.
Еске сала кетейік, бүгін сот шешімімен Айзат Жұманованың өліміне кінәлі деп танылған күйеуі Айбар Жанболат 14 жылға бас бостандығынан айырылды.