Маңғыстау облысындағы ерекше қорғалатын аумақта жол талғамайтын көлікпен жүргені үшін өзбекстандық блогер Илхомжон Йолчиев әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Malim.kz.
Оқиға Тұзбайыр соры аумағында болған. Блогер бұл сапарынан түсірілген бейнежазбаны әлеуметтік желідегі парақшасында жариялаған. Видеода көліктің шөлді аймақта және Бозжыра шатқалы маңында рұқсатсыз қозғалғаны байқалады.
Жарияланған кадрлар құқық қорғау органдарының әлеуметтік желілерге жүргізген мониторингі барысында анықталып, дереу тексеру жүргізілген. Нәтижесінде шетелдік азаматқа «Абаттандыру қағидаларын бұзу» бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Сот шешімімен оған 20 АЕК, яғни 86 500 теңге айыппұл салынды.
Мамандардың айтуынша, мұндай табиғи аумақтарда автокөлікпен жүру экожүйеге айтарлықтай зиян келтіріп, топырақ қабатын қалпына келмейтін деңгейде бұзуы мүмкін. Сондықтан бұл өңірлерде экологиялық талаптарды сақтау қатаң бақылауда.