Мәжілістің жалпы отырысында «Кейбір заңнамалық актілерге Қазақстанның арнаулы мемлекеттік органдарының қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы мен ілеспе құжат бірінші оқылымда мақұлданды.
Құжат ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік органдарында қызмет өткеру саласындағы заңнаманы одан әрі жетілдіру мақсатын көздейді. Заң жобасы мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жауапты құрылымдар қызметінің тиімділігін арттыруға, құқық қолдану қызметі барысында анықталған құқықтық олқылықтардың орнын толтыруға бағытталған. Жалпы, заң жобасы 3 кодекске және 11 заңға түзетулер енгізуді көздейді, - деді Мәжіліс депутаты Болат Керімбек.
Сонымен қатар, заң жобасында ұлттық қауіпсіздік органдарының дағдарыстық жағдайлар туындағанда, төтенше және әлеуметтік сипаттағы төтенше жағдай енгізілген кезде әрекет ету құзыретін нақтылау ескерілген. Бұл түзету «Төтенше жағдай туралы» Заңға сәйкес келтіру мақсатында енгізіліп отыр. Сондай-ақ, мемлекеттік органдар мен ұйымдарда мемлекеттік құпияларды қорғау жағдайын күшейту көзделіп отыр. Осы мақсатта заңда «мемлекеттік құпияларды қорғау деңгейінің төмендеуін» ұлттық қауіпсіздікке төнген қауіптердің бірі ретінде бекіту ұсынылды. Бұдан бөлек, экстремистік және террористік материалдарды әкелуге, басып шығаруға, әзірлеуге және таратуға заңнамалық тыйым салудан басқа, заң жобасы оларды сақтауға қосымша тыйым салуды енгізуді ұсынады.
- Заң жобасында әскери және арнаулы оқу орындарына түсуге арналған конкурсты өткізу кезінде үміткердің емтиханнан алған балдары тең болған жағдайда, жекелеген санаттағы адамдарға басымдық беру тәртібін айқындау ұсынылды. Мәселен, жетім балалар, мектепті «Алтын белгімен» бітірген түлектер және халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздары қамтылады. «Білім туралы» және «Әскери қызмет туралы» заңдарда аталған мүмкіндіктер қарастырылған. Алайда, «Арнаулы мемлекеттік органдар туралы» заңында көзделмеген, - деді депутат.
Мұнымен қоса, «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне Арнаулы мемлекеттік органдары қызметінің мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ілеспе заң жобасында мемлекеттік құпияларды қорғау саласындағы белгіленген талаптарды бұзғаны үшін әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған жауапкершілікті енгізу ұсынылады.
- Сонымен қатар, Мемлекеттік күзет қызметінің жұмысын жеделдету мақсатында аталған мекемеге қызметі барысында орындалмаған нұсқамаларға әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама жасау құқығын беруді ұсынамыз, - деді Болат Керімбек.
Заң жобасы аясында IT саласындағы талантты жастарды, қабілетті мамандарды арнаулы мемлекеттік органдарға қызметке тарту тетігі ұсынылды.