freedom
Саясат Аналитика Қоғам Мәдениет Сұқбат Спорт Абай-175 Ұлттық спорт Экономика Malim podcast Inclusive society Әлем Құқық Денсаулық Тұлға-таным Кино Білім-ғылым Шоу-бизнес Әдебиет Оқиға Экология Хикаялар MALIMet

"Менен көре алмады-ау": Әнші Тамара Асар марқұм өгей ұлына қатысты өкінішін айтты

Қоғам
"Менен көре алмады-ау": Әнші Тамара Асар марқұм өгей ұлына қатысты өкінішін айтты
Фото-коллаж: Malim.kz / ЖИ

Қазақстанның халық әртісі Тамара Асар Azamat Live бағдарламасына берген сұхбатында өміріндегі ең ауыр өкініштерінің бірі туралы айтты, деп хабарлайды Malim.kz.

Сұхбат барысында жүргізуші өнер иесінен өткен өмірінде өкінетін дүниесі бар-жоғын сұраған. Тамара Асар жалпы алғанда үлкен өкініші көп емес екенін, алайда былтыр өгей ұлынан айырылғаннан кейін бір ойдың көңілінде қалғанын жеткізді.

"Өкініш деген – қызық нәрсе. Ол бар сияқты болып көрінеді де, жоқ болып кетеді. Жалпы алғанда күрделі өкінішім жоқ. Тек былтыр ана баланы жоғалтып алған кезде қатты өкіндім. "Аналық мейірімімді бере алмай қалдым-ау" деп ойладым", – деді өнер иесі.

Әншінің айтуынша, мінезі қаталдау болғандықтан, ұл балаларын көп еркелете бермеген. Ол балаларына деген жақсы көретінін сөзбен айтып, қамқорлығын көрсеткенімен, мейірімін еркелету арқылы білдіруге дағдыланбағанын жасырмады.

"Жалпы мен ұлды еркелетпейтінмін, мінезім қаттылау еді. Ұлға қаттымын, өз баламды еркелетпейтін адаммын. Жақсы көретінімді айтамын, қамқорлығымды жасаймын, бірақ "тө-тө-тө" деген еркелікті ешқашан жасап көрмеппін, әлі де жасамаймын. Соны менен көре алмады-ау деп өкіндім", – деді Тамара Асар.

Өнер иесі осы жағдайдан кейін өгей ұлына аналық мейірімін көбірек көрсете алмағаны көңілінде өкініш болып қалғанын айтты.

Еске сала кетейік, бұған дейін Тамара Асар мерейтойына орай Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан арнайы құттықтау хат алғанын мәлімдеген еді.

Тамара Асар кім?

Тамара Асар – қазақстандық эстрада әншісі, Қазақстанның халық әртісі. Ол 1976 жылы 16 шілдеде Маңғыстау облысы Түпқараған ауданына қарасты Ақшұқыр ауылында ұстаздар отбасында дүниеге келген. Балалық шағынан өнерге қызығып, Ақтау қаласындағы музыка мектебінде білім алған. Кейін Жүсіпбек Елебеков атындағы эстрада және цирк колледжінде кәсіби музыкалық білімін жалғастырды. Сонымен бірге Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының Музыкалық білім факультетін тәмамдаған. Әнші мұнымен шектелмей, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде педагогика және психология бағыты бойынша магистратура мен докторантурада оқыған.

Тамара Асардың кәсіби шығармашылық жолы Мұрат Өскінбаев атындағы Маңғыстау облыстық филармониясынан басталған. Өнер жолында ол "Ақжауын" фольклорлық ансамблінің құрамында еңбек еткен. Сондай-ақ оның орындауындағы әндер "Отырар сазы", Әбіл Тарақұлы атындағы халық аспаптар оркестрі және басқа да шығармашылық ұжымдардың сүйемелдеуімен орындалған. Тамара Асар қазақтың халық әндерімен қатар эстрадалық туындыларды орындап, кең аудиторияға танылды.

Әншінің өміріндегі ең ауыр кезеңдердің бірі 1997 жылы болған жол апатымен байланысты. Апат салдарынан ол ауыр жарақат алып, бір аяғынан айырылғанымен, кейін өнерге қайта оралды. Өміріндегі бұл сынақ оның шығармашылық жолын тоқтатқан жоқ. 2007 жылы Тамара Асар Қазақстан Жастар одағының "Серпер" жастар сыйлығының лауреаты атанды. 2014 жылы ол "Құрмет" орденімен марапатталды. 2019 жылы әншіге "Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері" құрметті атағы берілді. 2025 жылы Тамара Асар "Қазақстанның халық әртісі" атағын иеленді. Бүгінде ол отандық эстрадада өзіндік орындаушылық мәнері қалыптасқан танымал өнер иелерінің бірі саналады.

Ұқсас мақалалар

Жылдам сілтемелер
Іздеу