Елордада мәнерлеп сырғанаудан Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоров пен Милан Олимпиадасының финалисі Софья Самоделкинаға арналған салтанатты қарсы алу рәсімі өтті, деп хабарлайды Malim.kz.
Спортшылар Италияда өткен қысқы Олимпиада ойындарынан кейін елге оралып, жанкүйерлер мен спорт қауымдастығының ыстық ықыласына бөленді.
Салтанатты жиын барысында спортшылар мен ұлттық құраманың бас жаттықтырушысы Әсем Қасанованы Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов, Қазақстандық конькимен мәнерлеп сырғанау одағының президенті Бауыржан Ералы және ҚР Ұлттық Олимпиада комитетінің президенті Геннадий Головкин құттықтады.
Шара аясында Одақ атынан, демеуші – Saltanat Diamond Gallery зергерлік үйінің қолдауымен спортшылар мен бапкерлерге пәтер кілттері табысталды.
• Михаил Шайдоров пен оның жаттықтырушысы Алексей Урмановқа үш бөлмелі пәтер берілді;
• Софья Самоделкина мен Әсем Қасанова бір бөлмелі пәтердің иесі атанды.
Айта кетейік, Михаил Шайдоров пен Софья Самоделкина Астана қаласынан пәтер иеленсе, Алексей Урманов пен Әсем Қасановаға Алматы қаласынан баспана берілді.
Қазақстандық конькимен мәнерлеп сырғанау одағының президенті Бауыржан Ералы Михаил Шайдоровтың жеңісін ел спорты тарихындағы маңызды кезең деп атап өтті.
«Биылғы Олимпиададағы Михаилдың жеңісі қазақ спортының тарихына алтын әріппен жазылады. Ол 32 жылдан кейін Қазақстан әнұранын Олимп төрінде қайта шырқатты. Михаил марқұм Денис Теннің сара жолын жалғастырып, барша қазақ елін қуантты. Бұл – спортшы мен оның командасының табанды еңбегінің жемісі. Софья Самоделкина да үздік он спортшының қатарына енді. Оның алда алар асуы әлі көп», – деді Бауыржан Ералы.
Өз кезегінде Михаил Шайдоров елге көрсетілген құрмет пен қолдау үшін алғысын білдірді.
«Осындай кеш уақытта арнайы келіп, мені қарсы алған баршаңызға шынайы алғысымды білдіремін. Олимпиадада еліміздің көк Туы ең биік тұғырға көтеріліп, Әнұранымыз шырқалғанда жүрегімді зор мақтаныш кернеді. Көрсеткен қолдауларыңыз маған алдағы уақытта да аянбай еңбек етіп, еліміздің абыройын асқақтатуға зор жігер береді», – деді Олимпиада чемпионы.
Айта кетейік, Михаил Шайдоров Қазақстанға 32 жылдан кейін қысқы Олимпиада алтынын сыйлады. Ал Софья Самоделкина Миланда өткен додада үздік он спортшының қатарына еніп, жоғары нәтиже көрсетті.