Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев Конституцияға некені тек ер мен әйел арасындағы одақ ретінде бекіту туралы ұсыныс білдірді, деп хабарлайды Malim.kz.
Ол бұл туралы Конституциялық комиссияның отырысында сөйлеген сөзінде айтты.
Депутаттың пікірінше, конституциялық реформа аясында отбасы мен неке мәселелерін талқылау кезінде демография, ұрпақ сабақтастығы және ұлттық дәстүрлерді сақтау мүдделері басшылыққа алынуы тиіс. Оның айтуынша, қолданыстағы Конституцияда отбасы, ана мен баланы қорғау нормалары бар, алайда некенің нақты анықтамасы көрсетілмеген.
Елнұр Бейсенбаев көптеген елдердің Конституцияларында неке ер мен әйелдің одағы ретінде тікелей белгіленгенін атап өтті. Осыған байланысты ол Негізгі заңда некенің тек ер мен әйел арасындағы, ерікті әрі теңқұқылы одақ екенін нақты бекітуді ұсынды.
Сондай-ақ депутат бұл норма әйелдердің құқықтарын қорғауды күшейтіп, әділетті және кемсітусіз қоғам құруға бағытталғанын айтты. Оның сөзінше, отбасыдағы теңдік пен өзара құрмет — азаматтық қоғамның берік негізі.