457.61
493.07
4.99

Подписаться на новости:

Редакция Malim: +7 707 830 77 21

© 2025 Malim.kz Қоғамдық-саяси сайт!

Абылай Мырзахметов мерзімінен бұрын босату туралы өтінішін қайтарып алды

Алаяқтық үшін сотталған, бұрынғы "Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасының төрағасы Абылай Мырзахметов шартты мерзімінен бұрын босату туралы өз өтінішін соттан қайтарып алды, - деп хабарлайды Malim.kz тілшісі.

Бұл өтініш Павлодар облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына 2 мамырда түскен, ал қаралуы 28 мамырға белгіленген еді. Алайда сот отырысы өтпеді.

"Материал қараусыз қайтарылды: сотталған өтінішін қайтарып алды", – деді Павлодар облыстық сотының баспасөз қызметі.

Ведомство шартты мерзімінен бұрын босатуға құқығы бар сотталғандар мұндай өтінішті әр алты ай сайын бере алатынын айтты. 

"Осыған ұқсас өтінішпен бұл сотталған енді алты айдан кейін ғана қайта жүгіне алады. Дегенмен жазаны жеңілдету туралы басқа өтінішті ертерек беруге болады", – деп толықтырды сот өкілдері.

Қазір Абылай Мырзахметов Павлодар облысындағы №46 түзету мекемесінде жазасын өтеп жатыр. Биыл көктемде мұнда биг-бэг қаптарын шығаратын тігін цехы ашылды. Бұл іс-шарадан түсірілген кадрларды Бас прокуратураның Telegram-арнасы жариялаған.

Видеода Мырзахметов былтыр қыркүйектен бері өзге сотталғандармен бірге өндірісті ұйымдастырып, инвестор тауып, жарты жылда 120 жұмыс орнын ашуға көмектескенін айтып береді. Сотталғандар спорттық костюмдер тігіп, ағаш пен металл бұйымдарын дайындайды. Қажет жабдықтар мен жұмыс орындарын кәсіпкерлер ұсынған.

Павлодар облыстық прокуратурасының мәліметінше, Мырзахметов бірнеше тігін машинасын өз қаржысына сатып алған. Қазір ол басқа сотталғандармен бірге қап тігіп жұмыс істеп жүр.

Фото: "Атамекен"