Маңғыстау облысында белгісіз дрон табылды

Қарақия ауданында байқалған ұшатын нысан жергілікті тұрғындар арасында үлкен дүрбелең туғызды, деп хабарлайды Malim.kz Lada.kz-ке сілтеме жасап.
Куәгерлердің айтуынша, 19 маусым күні күндіз шекара маңындағы Болашақ теміржол станциясының жанында белгісіз ұшатын аппарат табылған.
Қазіргі таңда бұл оқиға жөнінде тиісті органдарға хабар берілген. Оқиға орнына құқық қорғау және төтенше жағдай қызметінің өкілдері барып, мән-жайды анықтауға кірісті.
Ресми емес деректерге сүйенсек, бұл – Ресей армиясының қару-жарағына кіретін Shahed-136 (немесе Герань-2) типті дрон болуы мүмкін.
Мұны төмендегі сипаттамаларға қарап болжауға болады:
- Қанатының үшбұрышты, дельта тәрізді пішіні;
- Артқы бөлігінде жалғыз тік тұрақтандырғыштың болуы;
- Қонуға арналған шассидің немесе арнайы құрылғылардың жоқтығы – бұл оның бір реттік, соққы беруге арналған дрон-камикадзе екенін білдіреді;
- Қарапайым материалдардан жасалған, минималистік құрылым;
- Дронның артқы жағында орналасқан қозғалтқыштың фюзеляждан сәл жоғары тұруы.
Қазір бұл жағдай бойынша ресми түсініктеме берілген жоқ. Тергеу амалдары жүргізілуде.
Бұған дейін БҚО-ның Жәнібек ауданында да дрон табылған еді.
Фото: Lada.kz.

Ең көп оқылған
