Қызға көмектеспек болған астаналық 6 жылға сотталды

Астанада ер адам сауда орталығының алдында жүргіншіні ұрғаны үшін 6 жылға сотталды, - деп хабарлайды Malim.kz тілшісі.
Сот оны бұзақылық ниетпен қасақана ауыр дене жарақатын келтіргені үшін кінәлі деп таныды.
Сот мәліметінше, айыпталушы Б. мас күйде сауда ойын-сауық орталығының алдында бейтаныс адамдар тобын көріп, олардың арасындағы қыз жерге құлап түскенін байқайды. Қызды көтеріп жатып, жағдайды түсінбей, оған көмек көрсетуге жақындаған Г. есімді ер адамның бас тұсына шынтағымен соққы береді.
"Бұзақылық әрекеті нәтижесінде Б. жәбірленуші Г.-ға ауыр дене жарақатын салды. Айыпталушының кінәсі – оның ішінара мойындауымен, жәбірленуші мен куәгерлердің түсініктемелерімен және бейнебақылау камерасындағы жазбамен дәлелденді", – делінген сот хабарламасында.
Прокурор 6 жыл бас бостандығынан айыру жазасын сұраған. Қорғаушы тарап айыпталушыны бас бостандығынан айырмайтын жаза тағайындауды өтінді. Жәбірленуші де айыпталушыны түрмеге жаппауды сұрап, келтірілген зиян толық өтелгенін және ешқандай шағымы жоқ екенін айтты.
"Сот жеңілдететін мән-жайлар ретінде кінәні ішінара мойындауды және келтірілген зиянның толық өтелуін, ауырлататын мән-жай ретінде – қылмыстың мас күйде жасалуын ескерді. Нәтижесінде сот Б.-ны Қылмыстық кодекстің 106-бабы 2-бөлігі 7-тармағы бойынша кінәлі деп танып, 6 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады", – делінген сот хабарламасында.
Үкім заңды күшіне енді.
Фото: pixabay.com

Ең көп оқылған
