Ұлымның аузынан бұрқ етіп қан аққанын көрдім - Шерзаттың анасы

Талғарда бір топ баланың қолынан қаза тапқан Шерзат Полаттың анасы Гүлбара Бишембиева оқиға болған түн туралы айтып берді, - деп хабарлайды Malim.kz тілшісі.
Ол Жұмабике Қадырованың желісін баяндап, қосымша ақпарат берді.
"Дүкенге жеткенде "делайте" дегенді естідім. Бәрі оған жабылады. Шерзат Дарханды ұрды ғой. Сол кезде ол Шерзаттың бетінен ұрады. Шерзат артқа шегініп, оны қайтадан ұрады, ол жерге құлайды. Абзал Ахметті ұрып жібереді, Ахмет басын ұрып алады. Нұрқанат сол кезде Ахметті тартып алады. Бәрі Шерзат пен Нұрқанатқа жабылып кетеді. Әжесі балаларға барып "жіберіңдер" деп жатқанда оны сілкіп жібереді. Мені Абзал мен Нұрбол қолымнан ұстап алады. "Баламды тимеңдерші, анасымын, өтінемін" дегенде Абзал маған "аузыңды жап, сені де өлтіреміз" дейді. Дүкеннің қасында тұрған екі қыздан жедел жәрдем шақыруын сұраймын, бірақ олар түк істемейді. Мен ұлыма барамын, ол артқа шегініп құлайды. Мен Шерзаттың аузынан бұрқ етіп қан аққанын көремін, ол маған сол жағын көрсетеді, пышақ салғанын көремін. Олар Нұрқанатты ұрып болған соң, бізге қарай бет алады. Нұрқияс Шерзаттың басынан мылтықпен ұрғанда қолыммен жауып қаламын. Маған "тыныш тұр, сені де өлтіремін" деді. Кейін үйдің тұрғындары шыққанда қашып кетті. Сол кезде Қаржаубайдың бетінен бөтелкемен ұрғанын, артынан пышақпен ұрғанын көрдім", - деді ол.
Оқиға туралы не белгілі?
2024 жылы 4 қазанда Алматы облысында жігіттер жабылып, 16 жастағы жасөспірім Шерзат Болатты өлтіргені дүйім жұртты дүр сілкіндірген. Бір топ жігіт жасөспірімді тепкілеп жатқанын маңайдағы тұрғындар видеоға түсіріп алған. Бұзақылар ешкімді аямапты. 12 қазанға қараған түні марқұмның отбасының үйі өртеніп кетті. Шерзаттың туыстары өртті күдікті тараптың әрекетімен байланыстырды.
Фото: Видеодан алынған кадр

Ең көп оқылған
