Париж Олимпиадасында жүлде алған спортшылардан коронавирус инфекциясы табылған. Бұл туралы Туризм және спорт министрінің қоғаммен байланыс және БАҚ жөніндегі кеңесшісі Диас Ахметшәріп мәлім етті, деп хабарлайды Malim.kz.
«Коронавирус инфекциясы 3 спортшы (үшеуі де жүлдегер - ред.) мен 2 бапкерден анықталды. Жалпы спортшыларды тексеру барысында олардың ПТР тесті оң нәтиже көрсетіп, COVID-19 вирусы анықталды. Үш спортшының үшеуі де Париж Олимпиадасынан жүлдеге қол жеткізген спортшылар. Қазір олар оқшауланып, ем-дом қабылдауда. Жағдайлары жақсы. Вирус жеңіл формада өтуде. Тезірек сауығып кетулеріне тілектеспіз. Құраманың қалған мүшелері дін аман», - деді Диас Ахметшәріп.
Айта кетейік, 15 тамызда, Қасым-Жомарт Тоқаев Париж Олимпиадасының жеңімпаздарымен және жүлдегерлерімен кездеседі деп жоспарланған болатын. Берік Уәлидің айтуынша, спортшылардың жартысына жуығынан коронавирус анықталуына байланысты іс-шара кейінге шегерілді.
Фото: МАГАТЭ