Айтбек Амангелді қарындасы Салтанат Нүкенованың өлімі туралы айтып берді
Астанада Салтанат Нүкенованы өлтірді деп айыпталған бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың соты өтіп жатыр. Марқұмның ағасы Айтбек Амангелді қарындасының өлімі туралы қашан және кімнен естігенін айтып берді, деп хабарлайды Malim.kz.

Салтанат өзін Бишімбаевтың AirTag арқылы аңдитынын білетін. Салтанат соққыдан алған бірнеше жарақатын жасырып жүргені де анықталды. Мысалы, күйеуі Шымкенттен келе жатқанда саусағын сындырған.
Шілде айында Салтанат ата-анасымен бірге тұрған. Бірақ бір айдан кейін қайтып келген. Бишімбаев оған дейін түсіріп алған жалаңаш видеомен бопсалауынан қауіптенген.
2023-жылдың күзінде Салтанат Бишімбаевтан кетуге әрекет жасаған. Осы оймен ол ағасының үйіне жақын жерден жалдамалы пәтер тапқан.
Сол аралықта марқұмға Павлодардан ата-анасы келген. Отбасы бірге тамақ ішіп, жақсы отырған. Осы кездесуде Салтанат жақындарына күйеуінен үзілді-кесілді кететінін, оның күн бермейтінін, әбден шаршағанын айтқан. Ата-ана, бауырлары оның шешімін қолдаған.
2023-жылдың қазан айының соңына қарай Салтанат пен Қуандық мешітте некеге отырып, қайта татуласқан. Ал 9-қарашаға қараған түні ол ағасына хат жазып, Қуандық Бишімбаевтан кететінін айтқан. Ол ағасы Айтбек Амангелдіге түнгі 12:40 та қоңырау шалып, оның үйіне келетінін жеткізген. Бірақ, келмеген. Айтбектің «Қашан келесің?» деген хатына жауап бермеген...
Мен Салтанатқа қоңырау шала бастадым, ол жауап бермеді. Қай жерде екенін геолокация арқылы қарадым. Телефоны үйде екенін көрсетті. Мен бесінші қабатқа көтеріліп, есікті қақтым. Ешкім ашқан жоқ. Осыдан кейін полиция шақырдым. Маған да осындай хабарламалар келіп түскенін, қарындасым үшін алаңдап отырғанымды айттым, олар оған «Салтанаттың қаза болғаны рас, көңіл айтамыз, сізге Гастроорталыққа бару керек» деп жауап берді, - дейді Айтбек Амангелді.
Сондай-ақ ол оқиға туралы естігеннен кейін әкесіне қоңырау шалған.
Көлігіммен Гастроорталыққа бара жатқанда әкем телефон соқты. Ол да бұл жаңалықты естіген екен. Гастроорталыққа жеткенімде тергеушілер лифтті жауып үлгерген екен. Мені кіргізбеді. "Кімсің?" деп сұрады. «Салтанаттың ағасымын» дедім. Олар маған жоғарғы қабатта криминалистер жұмыс істеп жатқанын айтты. Салтанаттың өлгенін білдім. Мен «Бишімбаев осында ма?» деп сұрадым, олар «Жоқ, оны әлдеқашан алып кеткен» деді.
Мен әкеме қоңырау шалып, оқиға туралы айттым: «Иә, бұл шындық. Салта өлді. Қуандық өлтірді». Осы кезде анамыздың айғайлаған дауысын естідім, – деді көзіне жас алған Айтбек Амангелді.
Еске салайық, Астанада алқабилердің қатысуымен Қуандық Бишімбаев ісі бойынша ашық режимде басты сот отырысы болып жатыр. Сот отырысын онлайн-трансляция арқылы кез келген адамға көруге мүмкіндік берілді.
Фото: видеодан скрин