Әскерге күштеп әкету туралы видеоға байланысты Қорғаныс министрлігі жауап берді

Қорғаныс министрлігі әскерге шақыруға қатысты рейдтер туралы түсініктеме берді, деп хабарлайды Malim.kz
Соңғы күндері әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдарында әскерге шақыру жасындағы азаматтарды мәжбүрлі түрде ұстап, жергілікті әскери басқару органдарына жеткізуге қатысты бейнематериалдар тарады.
Ведомствоның мәлімдеуінше, Қазақстанда мерзімді әскери қызметке шақыру науқаны жыл сайын қолданыстағы заңнама аясында жүргізіледі. Дегенмен, кейбір азаматтар шақыру қағазын алған соң әскери қызметтен жалтаруға тырысады немесе тіркеуде тұрған мекенжайда тұрмайды. Бұл оларды уақтылы табуға және шақыру қағазын тапсыруға кедергі келтіреді.
Осындай жағдайларда ішкі істер органдарының көмегімен азаматтар арнайы рейдтер арқылы анықталып, тиісті әскери басқару органдарына жеткізіледі. Кейбір азаматтардың полиция талаптарына бағынбай, қарсы әрекет көрсетуі – мәжбүрлі түрде жеткізуге себеп болады.
Әскери бөлімшелерде әр азаматтың шақырылуға жататыны немесе жатпайтыны заң шеңберінде тексеріледі. Егер әскери қызметке шақыруға негіз болмаса, азамат үйлеріне қайтарылады. Ал шақырылуға негіз болса – медициналық тексеруден өтіп, әрі қарайғы рәсімдерден өтеді, - делінген хабарламада.
Қорғаныс министрлігі мерзімді әскери қызметтен жалтару – әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке әкелетінін ескертеді. Осыған байланысты министрлік азаматтарды заң талаптарын сақтауға және жалған ақпарат таратпауға шақырады.
Фото: видеодан скрин

Ең көп оқылған
