Башқұрттардың «Homay» әнінің саяси астары бар ма?
Дала заңымен жүріп, өніп-өскен халық мыңдаған жылдар түркілік ныспысын сақтап қалғаны сөзсіз

Башқұрттық Ay Yola тобының «Homay» әні қазақстандық желі қолданушылары арасында кең таралып, қызу талқыланып жатыр. Қоғамда бұл туындының шығу себебінің саяси астары бар деген пікір көбейді. Белгілі бір мемлекеттер осы арқылы өз дегенін білдіргісі келеді деген сөздер де шығып жатқаны жасырын емес.
Бірі «Башқұрт қызының әні түркі халықтарын тебірентті. Себебі түркілік тамырымызда бұғып жатқан бұлқынысты оятты» деп сүйсінісін білдірсе, енді бірі мұны «нео-шаманизмді тықпалау, түп-тамырымызды, ұлттық дүниетанымды құртудың әккі әдісі» деп бағалап жатыр. Яғни тәңіршілдік пен дәстүрлі діннің арасына сына қағу жағдайлары да ұшырасып жатқандай. Malim.kz Башқұрт әнінің тыңдарманға әсер-ықпалы жайында дінтанушы, этнограф және желі қолданушыларының пікір-пайымын білуге тырысты.
Желі қолданушысы Төртуыл Шоқанның пайымдауынша, бұл ән қазақтардың сана түкпіріндегі түркілік кодты оятты. Дала заңымен жүріп, өніп-өскен халық мыңдаған жылдар түркілік ныспысын сақтап қалғаны сөзсіз.
«Қанымыздағы рухты, танымды ұйықтатып, біздің өмірімізге исламды күшпен кіргізген. Қалай десек те бағзы түркілер мұсылман дінін қабылдады. Өйткені, ислам басқарушы қауымның діні. Қалың надан бұқараны бір орталыққа біріктіріп басқаруға қажет болған бірқұдайлық ілім. Көк тәңірі де сондай. Бірақ, оның құрандағы сияқты түр-түсі, басы, балтыры болмайды. Көк тәңірі ілімінде жазалау деген секілді әрекеттер жоқ. Түркілерге қатысты тарихшылар мен жазушылардың қайбір еңбегін оқысаңыз бәрі де осыны айтады».
Төртуыл Шоқан бұрынғы көшпелілердің, түркілердің ұрпағының бойында тәңірлік тылсым рух ұйықтап жатыр дейді. Айтуынша, «Хомай» әні осы бұйығы сезімдерге түрткі болды.
«Бұл сілкіністі біздің қоғамның күштеп кіргізілген исламнан шаршап, тәңірлік ілімге қайтуы деп ұғуымыз керек. Адамның бойында өзіне бағынбайтын сезімдер болады. Мәселен, ұялу, қорқу, ашулану сияқты. Ұялмай тұрған кейіп танытсаң да арғы жағыңда ұялып тұрғаның байқалады. Өзіңді қанша тежегенмен, ашуың бет-жүзіңнен аңғарылады. Сол секілді дүние бұл.
Ислам дін ретінде жақсы. Бірақ оның қадірін қашырған, аяқасты қылған деңгейі төмен молдалар мен имамдар. Олардың бір қателігі сен мына аятты оқысаң, дұғаны жасасаң Аллаһ жалғыз қалдырмайды, бүгін-ертең көмектеседі деп алдады. Тәңір ұғымында ондай есеп-қисап жоқ. Қазақ осындай жағдайлардан жалықты. Әннің мәтінін көбі жақсы түсініп отыр. Түркілердің сана түкпірінде бұлқынып тұрған сезімдер, құндылықтар лықсып сыртқа шықты деп түсінуге тиіспіз», -дейді қоғам белсендісі.
Дінтанушы Кеңшілік Тышхан осы туындыға бола қауіптеніп, әр түрлі пікір қайшылығын туындатуды жөнсіз санайды. Болмысымызға сіңіп, тіршілігімізге, ғұрпымызға дендей енген ислам діні рухани құндылықтың өзегі. Ал аңыз, эпостар елдің фальклорында сақталған дүниелер.
«Ұмай болса да, басқа болса да ол түркі тарихында бар құндылықтар. Ал башқұрттарды тәңіршіл деп айта алмаймыз. Олар өздерін мұсылман санайтын халық. Астанасы Уфада «Ғалия» сияқты медіреселер болды. Сондықтан, тәңіршілдік басымызды қосады деген сарынға өз басым келіспеймін. Түркілік мемлекеттердің басым бөлігінде ислам негізгі рухани құндылықтың өзегі болып тұрған сенім. Сол себепті, оған тәңіршілдікті қарсы қойып итжығыс қылуды түсіне қоймаймын. Кезінде зароастризм, буддизмге, христиан дініне өтіп кеткен қағандар болған. Оның барлығы тарихта болды деп қоғамға тықпаламайсың ғой. Меніңше. Бұл башқұрт халқының рухын ояту үшін, тәуелсіздігіне талпыныс жасау үшін шығарылған ән болар», - деп пайымдайды Кеңшілік Тышханұлы.
Шығыстанушы Еңлік Ақдәулет фейсбук парақшасында Башқұрт қыздың салған әні осы эпостың, Орал батыр туралы жырдың негізінде жазылғанын айтады.
«Жанберді мен Жанбике деген кемпір мен шал болыпты. Қартайғанда екеуі елін, жерін тастап, айдалаға кетіп, сол жерде Орал мен Шүлген деген екі ұл туып алыпты... (Айтпақшы, башқұрттар кезінде Сыр бойын жайлаған, кейін солтүстікке, Орал тауына қарай көшкен деген мәлімет бар).
Хомай деген кім дейсіз ғой? Башқұрт аңызында Самрау деген көк тәңірі бар, өзі киелі құс көрінеді, әділет пен бейбіт өмірдің символы. Самраудың екі әйелі болыпты, бірі - Ай, бірі - Күн. Сол екі әйелінен екі қыз туады, бірі - Хумай - Сомай (Күннен), бірі - Айхулу - Айсұлу (Айдан). Олардың "Х"-лары біздің "С" боп тұр. Осы екі қызды диюлардың, жылан елінің патшасы ұрлап әкетіпті. Қысқасы, Орал батыр барып Самраудың екі қызын құтқарып, еліне қайтарады. Жырдың көп жері Авестаға келеді. Айтпақшы, Орал батырдың аңыздағы мықты тұлпары - Ақбозат. Ақбозатты Орал батырға Самраудың өзі сыйлаған екен. Қараңызшы, кәдімгі біздің Ақбозат! Ол туралы башқұртта бөлек "Ақбозат" деген жыр бар. Оралдың балаларының аттары да құлаққа таныс - Еділ, Жайық, Сақмар, Нөгөш. Орал жақтағы төрт өзеннің аты», - деп түсіндіреді этнограф.
Зерттеушінің айтуынша, аңыз-жыр қазаққа таныс, түркі тамырына, көшпелі халықтың рухына жақын дастан. “Әннің көшпелі өркениеттің соңғы жұрнағы - қазақтардың тарихи жадын оятып, делебесін қоздыруы бекер емес.Түркі халықтарының түп тамыры бір екенінің айқын мысалы ол”,- дейді Е.Ақдәулет.
Айта кетейік, «Homay» әнін жарыққа шығарған Ay Yola тобының негізін қалаушы Ринат Рамазанов музыкалық ұжымның жақында ғана құрылғанын айтады. Осы топтың мүшесі Руслан Шайхитдинов сұхбаттарының бірінде туған жері Уфаның 450 жылдығы өткенін, соған орай ән жазғысы келгенін жеткізген.
Homay - 15 ән жинақталған "Орал Батыр" альбомындағы екінші туынды. Бұл альбом ескіні жаңарту мақсатында "Орал-Батыр" эпостық-жырына бағытталған.
"Біз осы эпосқа арналған жоба жасадық. "Орал-Батыр" тарихы өте тереңде. Тауымыз, өзеніміз - барлығы эпоста сипатталған, тіпті олардың атаулары да сол жерден алынған. Атақты Капова үңгірі (Шүлганташ) - Оралдың ағасы, яғни, бәрі өзара байланысты. Ал эпос б.з.д. XVII ғасырдан басталады, бұл, әрине, таңғаларлық мәдени мұра. Бұл эпосты оқығанда, күрделі әрі қорқынышты, бірақ сонымен қатар, таңғажайып әлемге еніп кетесіз", - дейді Руслан Шайхитдинов ЗТБ-ға берген сұхбатында.
Хумай - Орал-Батыр эпосының бір бөлігі, Оралдың жары. Алмас қылышты сақтаған Самрау мен Күннің қызы. Ол көптеген құпияны сақтаған. Тіпті мәңгілік өмір сыйлайтын тірі суға апаратын жолдың құпиясы бола білген.
Фото: видеодан скрин