Бір күректі 81 мың теңгеге сатып алуды жоспарлаған: Антикор өңірлердегі былықты жайып салды
Нәтижесінде оның бағасы 3200 теңгеге төмендетілген.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттіктің ресми өкілі Данияр Бегайдаров Антикордың брифингі барысында тендерлер кезіндегі жалған бағаларды әшкереледі, деп хабарлайды Malim.kz.
Оның айтуынша, мұндай заңсыздыққа әкімдік пен білім, денсаулық сақтау ұйымдары жол береді.
Жемқорлықтың алдын алу мақсатында сатып алу бойынша бағаның негізсіз қымбат көрсетілуіне мониторинг жүргізіледі. Агенттік 2023 жылдан бастап 53,8 млрд теңге бюджет қаражатын тиімсіз жұмсаудың жолын кескен. 2024 жылдың бірінші тоқсанында сатып алудағы 12,4 млрд теңге үнемделген. Әсіресе, кеңсе тауарлары мен тамақ, үй-жай сатып алу бойынша асыра бағалау анықталды. Оның ішінде әкімдік пен білім, денсаулық сақтау ұйымдары осыған жол береді. Қонаев қаласында тұрғын үй коммуналдық бөлімі 2,5 млрд теңгеге 4 бу қазандығын сатып алу бойынша конкурс өткізілген. Бағасы 1,3 млрд теңгеге көтерілген, шарт тапсырмасын беруші мен өнім алушы арасында қайта жасалды, - деді Бегайдаров.
Сондай-ақ ол қаңтарда кадастр пилотсыз ұшу апараттарын 110 млн теңгеге сатып алуды жоспарлағанын айтты.
Ал мұндай аппарат құны 4 млн теңгеден аспайды. Бағасы қайта қаралып, жалпы үнемдеу сомасы 106 млн теңгені құрады. Ақмола облысында Бараев астық ғылыми-орталығы қаңтарда 12 млн теңгеге, яғни 81 мың теңгеге 150 дана күрек сатып алуды жоспарлаған. Нәтижесінде 81 мың теңгенің күрегі 3200 теңгеге төмендетілген. Антикор 10 млн теңге ақшаны үнемдетті, - деді ол.
Фото: egemen.kz