Бірқатар өңірде шаруаларға дизель отыны кестеге сай жеткізілмей жатыр
СҚО-да министр аудандарды аралап, диқандармен кездесті.
Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Солтүстік Қазақстан облысында егін еккен диқандармен кездесіп, шаруалардың түйткілді мәселелерін тыңдады. Көктемгі науқанның қарқыны мен сапасын көрді, деп хабарлайды Malim.kz.
Бұл туралы министр facebook-парақшасында жазды.
Облыстың бұрынғы басшысы ретінде мен аймақтың ауыл шаруашылығы саласының жағдайын жақсы білемін.
Облыс бойынша 4,3 млн га егіс алқабының бүгінгі күнге дейін 38,7%-на егін егілді. Ауа райының қолайсыздығына қарамастан, фермерлер тәулік бойы еңбек етіп келеді. Себебі, жақсы өнім алудың негізгі факторларының бірі – уақытылы егін егу, - деді Айдарбек Сапаров.
СҚО-да министр аудандарды аралап, диқандармен кездесті. Кездесуде шаруалар жеңілдетілген дизель отынын алудың өзгертілген ережелеріне қатысты сұрақтар қойған.
15 мамырдан бастап жаңа ережелер қолданылады. Атап өтсем: көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарына жеке өтінім берудің орнына, рәсімді жеңілдететін енді бірыңғай өтініш қолданылады.
Өтініш беру мерзімі 20 күннен 30 күнге дейін ұзартылды.
Отын шығынының бірыңғай базалық нормалары алынып тасталды. Енді нормативтер аймақтардың топырақ-климаттық жағдайларын ескере отырып белгіленетін болады.
Қалған субсидияланатын дизель отынын пайдалануға болатын ауыл шаруашылығы жұмыстарының қосымша түрлеріне нормативтер енгізілді.
Бұл өзгерістердің барлығы фермерлермен бірлесіп, олардың ұсыныстары негізінде әзірленді, - деп жазды Айдарбек Сапаров.
Министрдің айтуынша, бірқатар өңірде жанармайға сұраныс жоғары, ал жеңілдетілген дизельдік отын жеткізіліп үлгермей жатыр.
236,4 мың тонна немесе 63% ғана шаруашылық иелеріне жөнелтілді. Осыған байланысты облыс әкімдіктері жанар-жағармайды кестеге сәйкес тезірек жеткізуді қамтамасыз етуі қажет.
Сондай-ақ биыл жеңілдетілген несиелеу көлемі 3,2 есеге өсіп отыр. Яғни, несиені 5% мөлшерлемемен 12 айға алуға болады. Демек, фермер күзде арзан әрі тиімсіз бағамен өнімді сатып, кредит жабуға жанталаспайды.
Сондай-ақ кездесулерде шаруалардың да міндеттемелері талқыланды. Біз технологияны сақтау, сапалы тұқым мен тыңайтқыштарды пайдалану арқылы өнімділікті арттыруға ұмтылуымыз керек, - деді Айдарбек Сапаров.
Бұған дейін Өзбекстанда мұнай өнімдері, газ, көмір, электр энергиясы импорты күрт өскенін айтқан едік.
Фото: maritimegateway.com