Депутаттар кедейлікпен таныс па? 85 000 теңгеге өмір сүру мүмкін емес.

Ресми мәліметтерге сүйенсек, 2024 жылы табысы күнкөріс деңгейінен төмен халықтың үлесі шамамен 5%-ға жуықтаған. Ауылдық жерлерде және көп балалы отбасылар арасында бұл көрсеткіш тіпті жоғары. Мәжіліс депутаттарының бір бөлігі елде кедейлердің саны артып келе жатқанын, нақты шаралар қабылдау қажет екенін баса айтса, енді бір тобы жағдайды тым ушықтырмауға шақырады.
Азық-түлік бағасы тұрақтылығы туралы мәжіліс депутаты Жарқынбек Амантай былай дейді: «Азық-түлік бағасын тұрақтандырмасақ, біз кедейшілікті тұрақтандыра алмаймыз. Иә, айлықты көбейтуге болады, басқа нәрселерді де көтеруге болады, бірақ азық-түліктің қымбаттауы кедейлікке тікелей әсер етеді. Осыдан бастау керек деп ойлаймын». Оның айтуынша, халықтың күнделікті тұтынатын негізгі қажеттіліктері қолжетімді болмаса, жалақы арттырудың пайдасы жоқ.
Абзал Құспан кедейлікті бағалауда салыстыруды ұсынады. Оның айтуынша, Қазақстанды көршілес елдермен салыстырғанда, жағдай аса күрделі емес: «Орта Азия елдеріне қарайтын болсақ, Қазақстан бұл тізімде ең соңғы орында деп айтуға келмейді – табыс, тұрмыс деңгейі, адам құқығы жағынан болсын. Сондықтан біз ең кедей елдердің қатарында тұрмыз деуге объективті себеп жоқ».
Мәжіліс депутаты Ринат Зайыт елдегі ең төменгі жалақы мөлшерін сынға алды.
Оның пікірінше, 85 мың теңгемен өмір сүру мүмкін емес: «85 мың теңгеге кедей адамның өмір сүруі өте қиын. Бұл үшін бүкіл үкімет жауап бере алмай отыр. Олар мұндай табыстағыларды кедейлерге жатқызбайды. Егер шын мәнінде есептесе, нақты кедейлер саны шығар еді, сонда күресудің жолын да іздер еді». Ол сондай-ақ, үкімет тарапынан жағдайды жақсартуға бағытталған шынайы талпыныстың жеткіліксіз екенін атап өтті. Оның пікірінше, биліктің «экономика өсіп жатыр» деген мәлімдемелері қарапайым халықтың жағдайымен сәйкес келмейді.
Депутат Қарақат Әбден кедейліктің түпкі себебі ретінде экономиканың әлсіздігін атады: «Қазақстандағы кедейлік деңгейі өте жоғары деп айта алмаймыз. Дегенмен, бұл – мақтанарлық көрсеткіш емес. Негізгі себеп – экономиканың әлсіздігі. Сондықтан ең алдымен экономиканы түзеуіміз керек», – деді ол. Бұл пікір қоғамдағы экономикалық реформалардың терең әрі тиімді жүзеге асырылу қажеттігін көрсетеді.
Нартай Сәрсенғалиев кедейлікке қатысты ең өзекті мәселелердің бірі – шынайы статистика жоқтығын ашық айтты: «Біз қандай да бір әлеуметтік мәселені шешу үшін ең алдымен шынайы статистикалық ақпарат алуымыз керек. Өкінішке орай, еліміздегі статистика мәселесі сын көтермейді. Жалған деп ресми түрде айта аламын».
Депутаттың Жигули Дайрабаевтың пікірінше, ауыл шаруашылығы – кедейлікпен күресте үлкен рөл атқара алады: «Ауыл шаруашылығын дұрыстап қолға алу керек. Ауыл шаруашылығы – қазақ экономикасының локомотиві. Мүмкіндік бар».
Фото: caravan.kz

Ең көп оқылған
