Елорда әкімі көшелерді су басуына құрылыс ұйымдарын кінәлады
Сондай-ақ, қаланың кәріз-дренаждық құбырлары бойынша түсініктеме берді
Астана әкімі Жеңіс Қасымбек жауыннан кейін қала көшелерін неліктен су басып қалғанын түсіндірді, деп хабарлайды Malim.kz.
Әкім түсіндірмесін әкімдіктің әлеуметтік желідегі парақшасына жазды. Су басып қалатын екі негізгі учаске бойынша:
1) Жаңа Мега ауданы
Құрылыс ұйымдарының Хусейн бен Талал даңғылындағы нөсерлі кәріз желісіне жерасты суларын заңсыз құюы және төгуі салдарынан 29/2 көшесін су басып қалды. Суды заңсыз төмендетудің жалпы көлемінің қуаты 4000 м3/сағ құрады. Қазір су төккен меншік иесі анықталып жатыр. Материалдар табиғатты қорғау полициясына беріледі.
2) Тұран даңғылы
Тұран даңғылы мен Ұлы дала көшесіндегі кәріз коллекторының жұмысы жеке құрылыс салушылар мен бірқатар үйдің заңсыз қосылуына байланысты шамадан тыс жүктеледі. Салдарынан оның толып кетуіне әкеледі. Сол сияқты тұрмыстық заттар, құрылыс материалдары және т.б. кәрізге тасталады, ал бұл сорғы жүйесі мен тазарту қондырғыларының дұрыс жұмыс істемеуіне әкеледі.
Нысан 16 жыл бұрын салынған. Бұл орында (Тұран және Ұлы дала даңғылдарының қиылысы) 40-тан астам арнайы техника жұмыс істейді. Жағдай бақылауда.
Жалпы, Астананың қазіргі нөсер кәріз жүйесі 18 тазарту құрылысынан және 1-ші жинақтаушы тоғаннан, ауданы 16,7 мың гектардан астам аумақты алатын жерүсті ағындарын бұратын 610,8 км болатын нөсер, дренаж және науа-арық кәріз желісінің магистральдық коллекторларынан тұрады.
Қалада 2019 жылдан 2023 жылға дейінгі аралықта нөсер, дренаж және науа-арық кәріз желісінің магистральдық коллекторларының 400 км-ден астам желісі, 9 сорғы станциясы және 4 тазарту құрылысы салынды және реконструкцияланған.
Бұдан бөлек, осыған дейін әкімдік Тұран даңғылында тағы бір магистральдық кәріз коллекторының құрылысын бастаған. Оның ұзындығы – 8 км, бұл қолданыстағы коллектордың ұзындығынан үлкен. Магистральдық кәріз коллекторы толықтай осы жылдың күзінде аяқталады деп жоспарланып отыр. Жұмыстың бір бөлігі бітті, дейді ол.
Оның алдында, 2023 жылы нөсерлі кәріз жүйелерін салу бойынша үш жобаны іске асыру аяқталған. Оның аясында 10 км-ден астам магистральдық және таратушы нөсерлі кәріз коллекторлары салынған.
Биыл нөсер кәрізінің 5 жобасы бойынша жұмыс жалғасып жатыр, оның 3-еуін аяқтау жоспарланып отыр. Осы жобалар аясында 5 км-ден астам коллектор салынып, жаңа теміржол вокзалы ауданында тазарту құрылысының жұмысы аяқталады. Сондай-ақ, нөсерлі кәріз желілері мен құрылыстарын салу бойынша 8 нысанды жобалау жүргізіліп жатыр, дейді әкім.
Сондай-ақ, қазір «Астана қаласында 2035 жылға дейін нөсерлі кәріз жүйесін дамыту» техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленіп жатқанын мәлімдеді.
Фото: бейнежазбадан скриншот