18 маусымда өткен баспасөз мәслихатында Miss Qazaqstan қоғамдық қорының директоры Айжан Рузаева "Мисс Қазақстан" байқауына трансгендер адамдар мен дене бітімі ерекшелеу арулар да қатыса алатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Malim.kz Stan.kz-ке сілтеме жасап.
Байқаудың финалы биыл күзде Алматы метросында өтеді.
"Plus-size арулар қатыса алмайды дегенді кім айтты? Біз мұндай қатысушыларды қуана қарсы аламыз. Біз бәрін күтеміз. Мейлі ол трансгендер болсын, мейлі plus-size болсын – бұл еркін таңдау. Егер адам өзін солай сезінсе, қатыса алады. Біз бәріне ашықпыз. Егер plus-size қыз келіп, әдемі, харизматикалық, жарқын болса, оны да қарастырамыз. 90-60-90 өлшемдері баяғыда-ақ ұмыт болған, – деді Айжан Рузаева.
Дәстүрлі түрде байқау финалына еліміздің 15 өңірінен келген арулар қатысады.
Финал 30 қараша күні түнгі 23:00-де Алматы метросындағы "Мұхтар Әуезов театры" станциясында өтеді. Мұндай кеш уақытты ұйымдастырушылар жолаушылар қозғалысына кедергі келтірмес үшін таңдаған. Байқау жабық форматта өтеді, билет сатылмайды. Финалды тек арнайы жіберілген аты-жөні жазылған шақыртулармен ғана көруге болады.
Іс-шараны шамамен 90 адам тамашалай алады, олардың қатарында блогерлер мен журналистер бар. Қалған көрермендер байқауды ресми онлайн трансляциялар арқылы көре алады.
Фото: әлеуметтік желі