Қазақстан бітімгерлері Голан жоталарына аттанды

Алматыда Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Құрлық әскерлерінің әскери институтында "Біріккен Ұлттар Ұйымының бөлінуді бақылау жөніндегі күштері" миссиясы құрамында қызмет ету үшін Голан жоталарына екінші ұлттық бітімгерлік контингентті салтанатты түрде шығарып салу рәсімі өтті, деп жазады Malim.kz Қорғаныс министрлігіне сілтеме жасап.
Оған Қорғаныс министрлігі Бітімгерлік операциялар орталығының қолбасшылығы, қызметтестер, Қарулы күштердің ардагерлері, әскери жоғары оқу орнының курсанттары, "Жас сарбаз" әскери-патриоттық қозғалысының тәрбиеленушілері, сондай-ақ әскери қызметшілердің туыстары мен жақындары қатысты.
Митингте сөз алған Қорғаныс министрінің тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары генерал-майор Шайх-Хасан Жазықбаев бітімгерлерге ақжол тіледі. Ол Қазақстанның халықаралық қауіпсіздікті қолдау ісіне қатысуының маңыздылығын атап өтті.
"Бітімгерлік контингентті Голан жоталарына өз бетінше өрістету – Қазақстан Республикасының және оның Қарулы күштерінің әлемдік аренадағы беделінің дәлелі. Халықаралық стандарттар бойынша дайындалған және жарақтандырылған біздің контингент БҰҰ миссиясының мандаты шеңберінде жүктелген міндеттерді орындауға дайын", – деп атап өтті ол.
"Біздің контингент БҰҰ мандаты шеңберінде қойылған барлық міндеттерді орындауға дайын екеніне сенімдіміз", – деп атап өтті Қорғаныс министрлігі Бітімгерлік операциялар орталығының бастығы подполковник Уәлихан Бәйкенов.
Фото: Қорғаныс министрлігі