Қазақстандық 32 млн теңгеге 65 тіс "емдеткен"

Қазақстандық тұрғын тісін емдету үшін зейнетақы қорындағы қаражатты 11 рет шешіп алып, барлығы 32,6 миллион теңге жұмсаған, деп хабарлайды Malim.kz «Отбасы банкінің» баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Біржолғы зейнетақы төлемдерінің операторы болып табылатын банкте қазақстандықтардың тіс емдеуге ондаған миллион теңге алған жағдайлары айтылды.
«Клиенттердің бірі тісін емдеуге зейнетақы қорынан ақша алу үшін 11 рет өтінім берген. Барлық шешілген қаражаттың сомасы – 32,6 миллион теңге. Егер бір имплант пен қақпақты орнату 500 мың теңге тұрады деп есептесек, бұл сомаға 65 имплант қоюға болар еді», – делінген «Отбасы банкінің» хабарламасында.
Сондай-ақ тағы бір жағдайда қазақстандық 27 рет өтінім бергені, жалпы аударым сомасы 13,1 миллион теңге болғаны нақтыланды.
Банк біржолғы зейнетақы төлемдерінің операторы ретінде қазақстандықтардың тіс емдеуге ондаған миллион теңге алған жағдайларын баяндады.
«Басқа бір клиент тісін емдеуге 24,7 миллион теңге жұмсаған. Бұл сома бір реттік аударыммен стоматологиялық клиникалардың біріне жіберілді», – деп хабарлады банктің баспасөз қызметі.
«Отбасы банкінде» атап өтілгендей, еліміздің әр өңірінен көптеген клиент емделу үшін негізінен Атыраудағы стоматологиялық клиникаларды таңдаған.
Фото:depositphotos.com