Сара Назарбаева құрған «Бөбек» орталығы өзгеретін болды
Үкімет қаулысының жобасы қоғам талқысына ұсынылды
«Оқу-ағарту министрлігінің «Бөбек» ұлттық ғылыми-практикалық, білім беру және сауықтыру орталығы» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнын қайта ұйымдастыру туралы» Үкімет қаулысының жобасы жарияланды, деп хабарлайды Malim.kz.
Қаулы бойынша, «Бөбек» ұлттық ғылыми-практикалық, білім беру және сауықтыру орталығы енді Үздіксіз инклюзивті білім берудің ұлттық ғылыми-практикалық орталығы болып аталады.
Аталған орталық ендігі жерде инклюзивті білім беру бойынша ғылыми-зерттеу қызметін, сонымен бірге, мектепке дейінгі, бастауыш, негізгі орта, жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру деңгейлерінде білім беру ұйымдарын әдістемелік тұрғыдан қамтамасыз етіп отыруға тиіс.
Ресми мәлімет бойынша, соңғы жылдары республикада оқытуда ерекше әдістерді қажет ететін балалар санының өсу тенденциясы байқалады. Бір ғана жылдың ішінде психофизикалық дамуы бұзылған балалардың саны 8%-ға өскен (2022 ж. – 175 мың, 2023 ж. – 188 мың, 2024 ж. – 203 мың). Сондай-ақ, оқытуда ерекше қиындықтары, мінез-құлық және эмоционалдық проблемалары бар 1,5 млн-нан астам бала; әлеуметтік-психологиялық, экономикалық, тілдік, мәдени себептерге байланысты оқуда қиындықтары бар 500 мыңға жуық бала бар. Ерте қолдау арқылы ерекше әдістерді талап ететін балалардың үлгерімін толық жақсартуға қол жеткізу үшін Үздіксіз инклюзивті білім берудің Ұлттық ғылыми-практикалық орталығын құру қажеттілігі туындаған.
Құжат 21 тамызға дейін қоғамдық талқыда болады.
Айта кетейік, 1997 жылдың 5 қарашасында Сара Назарбаеваның бастамасымен Білім және ғылым министрлігінің құрамында «Республикалық балалар сауықтыру-оңалту орталығы» құрылды. Орталық қызметі бірте-бірте кеңейіп, балалардың физикалық сауығуына, олардың рухани дамуы мен білім алуына бағытталды.
Ал 1999 жылдың 15 сәуірінде Үкімет қаулысына сәйкес «Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «Бөбек» республикалық оқу-сауықтыру орталығы» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны деп аталды.
Фото: facebook/Bobek Ortalygy