Сарапшы қымбатшылықты тоқтатудың жолын нұсқады
2020 жылдың қыркүйегі мен 2021 жылдың қыркүйегі арасындағы жылдық инфляция 8,9 пайызға жеткен. Бұл – соңғы бес жыл ішіндегі ең жоғарғы көрсеткіш.
Ұлттық статистика бюросының дерегінше, соңғы он екі айда азық-түлік тауарлары 11,5 пайызға қымбаттады. Тауар түрлеріне тоқталсақ, май 31,6 пайызға, бензин 14,5 пайызға, жарма және нан өнімдері 8,7 пайызға, ет 10,3 пайызға, жемістер мен көкөністер 11,8 пайызға, сүт өнімдері 8 пайызға, азық-түлікке жатпайтын тауарлар 7,5 пайызға қымбаттады.
Азық-түлік неге қымбаттап жатыр? Инфляцияны тежеу керек пе? Мемлекет қымбатшылықты тоқтата ала ма? Ulagat Consulting Group консалтингтік компаниясының директоры Марат Қайырленовке осы сұрақтарды қойып көрдік.
Қымбатшылықтың үш себебі
– 2020 жылдың қыркүйегі мен 2021 жылдың қыркүйегі арасындағы жылдық кезеңде инфляция деңгейі 8,9 пайызға жетті. Бұл соңғы бес жылда бұрын-соңды болмаған жоғары көрсеткіш. Инфляция не себепті бұлай өсті?
– Мұның бірнеше себебі бар. Бұл бір жағынан пандемия кезіндегі бизнесті шектеу шараларының салдары. Шектеу шаралары шығынды арттырады. Сәйкесінше бұл шығын тауар мен қызметтің өзіндік құнына қосылады.
Екіншіден, жыл басында сұйық май, жұмыртқа қымбаттады. Жұмыртқа қымбатшылығына келсек, субсидиялау жүйесі өзгергендіктен, баға өсіміне әкелді. Ал сұйық майға келсек, бұл жерде ғаламдық фактор әсер етті. Бұған Қытайдың экологиялық таза өнімдерге сұранысының артуы себеп. Қытайда ақшасы бар үлкен орташа класс қалыптасты. Осы орташа класс экологиялық өнім сатып алғысы келеді. Өйткені соңғы жылдары Қытай экономикасының үлкен өсімі экологияға орасан зиян тигізді. Су, топырақ ластанды. Жалпы алғанда, Қытай ауыл шаруашылығында түрлі химикаттар көп қолданылады. Сондықтан Қазақстан өнімі Қытай өнідерімен салыстырғанда экологиялық таза. Қытайдың таза өнімдерге сұранысы артқанын Шығыс Еуропа елдерінің Қытайға экспорты, тіпті Ресейдің Қытайға экспортынан байқауға болады. Ресей Қытайға азық-түлік өнімдерінің рекордты көлемін экспорттап жатыр.
Инфляция өсімінің үшінші себебі, ғаламдық банктер – АҚШ-тың федералды резервті жүйесі, Еуропа орталық банкі, тағы басқа қадағалаушы институттардың төмен пайыздық ставкалары. Ковидтен кейін экономикалық дағдарыс басталғанда, ақшаны станокта көп басып шығарды. Артынша бұл қаржы азық-түлік нарығына жетті. Сондықтан азық-түліктің бірсыпыра түрі әлемде қатты қымбаттады. Бұл бізге де әсер етті.
Инфляцияны тежеу керек пе деген сұраққа келсек, әрине, мұндай жағдайда тежеген дұрыс. Өйткені инфляция былайша айтқанда, кедейлерге салынатын салық. Ал бізде халық табысының 54 пайызын азық-түлікке жұмсайды. Бұл – әлемдегі ең жоғары көрсеткіштердің бірі. Салыстырар болсақ, 2007 жылы халық табысының 36 пайызын азық-түлікке жұмсайтын. Сол уақытта бұл көрсеткіш Шығыс және Орталық Еуропадағы елдермен бірдей болған. 2020 жылы бізде азық-түлікке табыстың 54 пайызы жұмсалса, Орталық және Шығыс Еуропада ол 22 пайыз деңгейіне түсті. Яғни басқа елдер байып жатса, Қазақстанда керісінше кедейшілік артып барады.
Қазақстан халқының азық-түлікке өз табысының 54 пайызын жұмсау көрсеткіші Сахара оңтүстігінде орналасқан Африканың ең кедей елдеріндегі көрсеткішпен бірдей.
Халық табысының жартысынан көбін азық-түлікке жұмсайды, бірақ одан бөлек киім-кешек, коммуналдық төлемақы, пәтер жалдау ақысы мен несие төлеу сияқты шығыны бар. Сондықтан азық-түліктің қымбаттауы халыққа үлкен соққы болып тиеді.
Қытайдың шекарасын жабуы да бағаның өсуіне әсер етері сөзсіз. Дизель отынының тапшылығы мен қымбаттауы да бағаны өсіреді. Яғни бағаны өсіретін факторлар жеткілікті. Сол себепті тиісті шаралар қабылдамаса, қымбатшылық жаппай кедейшілікке, әлеуметтік ахуалдың шиеленісіне әкелуі мүмкін.
Мемлекет инфляцияны неге тежемейді?
– Қымбатшылықты тежеу үшін не істеуге болады?
– Мемлекеттің инфляцияны тежейтын тетіктері көп. Мұнай бағасы шарықтап, соңғы жылдардағы рекордтық көрсеткішке – бір баррелі 80 долларға жетті. Яғни мемлекеттің түсімдері бар. Одан басқа Ұлттық қор резервтері бар. Яғни ақша жеткілікті, мәселе инфляцияның әсерін жұмсарту үшін сол ақшаны халыққа жеткізуде.
2014 жылы теңге бағамы екі есе құлдырап, девальвация болғанда, қымбатшылыққа қарсы көптеген инструменттер жасақталды. Тұрақтандыру қорлары, өндірушілерге субсидия беру, монополистерге қарсы күрес, тағы басқа. Мәселе оларды қолдануға келіп тіреледі. Тіпті болмаса инфляция қатты соққы жасамас үшін жалақыны көтеруге болады. Яғни инструменттер бар, бірақ оны қолдануға құлшыныс пен ниет керек.
– Инфляцияны бұлайша қолдан тежеп отыру дұрыс па?
– Инфляцияны қолдан тежейтін әкімшілік шаралар тиімсіз екені түсінікті. Бірақ біз нарық шаралары туралы айтып отырмыз. Субсидиялау, халыққа атаулы әлеуметтік көмек көрсету – нарықтық шаралар. Мемлекеттің ресурстары да, инструменттері де жеткілікті. Әрі-беріден соң Ұлттық қор халықты қолдау үшін керек.
– Онда бұл инструменттер неге қолданылмайды?
– Бұл инструменттердің белгілі бір бөлігі қолданылып жүр. Субсидия, тұрақтандыру қорлары бар. Бірақ олар тиімсіз қолданылады. Екінші мәселе саяси ерік-жігерге келіп тіреледі. Айналып келгенде, халықтың өзі үнсіз. Қ.Тоқаев 2022 жылдан бастап елдегі ең төменгі жалақы 60 мыңға жететінін мәлімдеді. Бұл да инфляция салдарын жұмсартатын бір қадам.
– Алайда 60 мың деген өте аз ғой.
– Елде әртүрлі салада, мысалы, денсаулық сақтау саласында санитар қызметкерлер өте төмен жалақы алады. Балабақша қызметкерлерінікі де төмен. Әрине, төменгі жалақы 80-100 мыңға жетуі керек. Бірақ бұл бір ғана тетік. Инфляция әсерін жұмсарту үшін бірқатар бағытта шаралар қолға алынуы тиіс. Төменгі жалақымен қатар әлеуметтік көмек, зейнетақы, мүмкіндігі шектеулі жандарға төленетін жәрдемақыны өсіру қажет.
Бірақ жоғарыда айтқанымдай, халық өзі үнсіз. Ал элита төменнен қысым жасалмаса, ақылға салып дұрыс шешім қабылдайды дегенге үміт жоқ. Бәрінің көңілі тоқ тәрізді, олай болса олар тыныш тұрған жыланның құйрығын басып қайтеді... Ал былайша, халық өзінің азаматтқ ұстанымын белсенді түрде жеткізуі керек.
Мемлекетте ресурс жеткілікті. Төменгі жалақыны 42 500 теңгеге көтергенде, оған бюджеттен 96 миллиард теңге кетті. Биыл мемлекеттік бюджет 15 триллион теңге екенін ескерсек, 96 миллиард теңге анау айтқандай үлкен шығын емес, азғантай ақша. Төменгі жалақыны 80 мыңға жеткізу үшін қосымша 200-300 миллиард теңге кетер. Төменгі жалақыны 80 мыңға жеткізу үшін көп болса LRT тәрізді жобаны салмаспыз немесе "Самұрық-Қазына" шығынын қысқартып, еншілес ұйымдарын таратуға болады. Яғни резерв те, инстрмумент те жеткілікті. Оны қолдану халықтың жасайтын қысымына, үнін жеткізуіне келіп тіреледі.
Теңге құнсыздана ма?
– Кей сарапшылар қыбатшылық кезінде теңге девальвацияланады деген болжамдар айтып жатыр. Бұл қаншалықты қисынды?
– Девальвацияның болуы екіталай. Керісінше, қазіргі инфляция девальвацияға жол бермейді. Жалпы, экономикалық теория бойынша, нақты тиімді айырбас бағамына келгенде, біздегі инфляцияны АҚШ және негізгі сауда серіктестеріміздегі инфляциямен салыстыра қараған жөн. Бізде инфляция жоғары, ал оларда инфляция төмен болса, осы айырмашылықты және тауар өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігін девальвация есебінен толтыруға болады. Алайда инфляция өсіп жатқанда ұлттық валютаны девальвациялау одан бетер қымбатшылыққа әкеледі. Ұлттық валютаны бір пайызға құнсыздандырса, одан инфляция 0,45 пайызға өседі. Ал 20 пайыздық девальвация ағымдағы 9 пайыз инфляция мен оның үстінен қосылатын қосымша 9 пайыз инфляцияға, яғни жалпы 18 пайыздық инфляцияға әкеп соқтырады. Ал АҚШ-та инфляция 5 пайыз.
Оның үстіне инфляциялық-девальвациялық шиыршық бар. Яғни халықты девальвациялық көңіл күй билегенде, олар ұлттық валютаға шетел валютасын сатып ала бастайды. Бұл өртті сөндіремін деп оған бензин құюмен бірдей. Монетарлы билік мұны түсінеді, сол себепті теңге бағамын тұрақты ұстап отыр деп есептеймін.
Bloomberg ақпарат агенттігі қымбатшылық жайлаған елдегі адамдар бос кастрөлдерді тарсылдатып, көшеге шыққанын жазған. Шын мәнінде, бізде инфляция белгілі бір уақыт ішінде тағы да өсетін сияқты. Ал ол осы күйінде өсе берсе, оның салдарын жұмсарту немесе өсімін тежеу шаралары қолға алынбаса, аш адамдар бізде де бос кастрөлдердің көтерілісін жасауы мүмкін.
Фото: inbusiness.kz