Иран әйелдер футбол құрамасының тағы үш ойыншысы бұрын сұраған Австралиядан баспана алудан бас тартып, Иранға оралатынын мәлімдеді. Бұл жайлы Австралия билігі мәлімдеді, деп хабарлайды Malim.kz.
Ал ирандық мемлекеттік БАҚ төрт футболшы туралы айтып, елге оралатындардың қатарында команда капитаны Захра Ганбари бар екенін жазды.
Иранның Irna мемлекеттік ақпарат агенттігінің хабарлауынша, Ганбари «баспана сұрау туралы шешімінен бас тартқан» және алдағы бірнеше сағат ішінде Малайзияға ұшып, содан кейін «Отанның құшағына оралады».
Құқық қорғау ұйымдары бұған дейін Иран билігін шетелдегі спортшыларға қысым көрсетеді деп бірнеше рет айыптаған. Мұндай қысым туыстарына қоқан-лоқы көрсету немесе елден кетіп қалған не Ислам Республикасына қарсы пікір айтқан жағдайда олардың мүлкін тәркілеу арқылы жүзеге асуы мүмкін екені айтылған.
Австралияның ішкі істер министрі Тони Берктің айтуынша, футболшылармен елде қалу мүмкіндігі бірнеше рет талқыланған. Алайда министрдің сөзінше, «ойыншылардың мұндай өте қиын шешім қабылдауына әсер ететін жағдайларды елемеуге болмайды».
Бұған дейін Австралия Иран әйелдер құрамасының жеті ойыншысына гуманитарлық виза берген. Алайда көп ұзамай олардың бірі шешімін өзгертіп, еліне қайтуға бел буған.
Енді ирандық БАҚ-тың хабарлауынша, тағы төртеуі оның жолын қайталаған. Мәліметтерге сәйкес, Иранға төрт футболшы мен команда штабының бір қызметкері оралады.
Иран әйелдер футбол құрамасы Азия кубогына қатысу үшін АҚШ пен Израильдің Иранмен соғысы басталғанға дейін Австралияға барған.
Оңтүстік Кореяға қарсы матч алдында ирандық футболшылар мемлекеттік әнұранды айтудан бас тартқан. Бұл әрекет елді басқарып отырған аятоллалар режиміне қарсы наразылық ретінде қабылданды. Иранның мемлекеттік телеарнасы бұл қадамды «масқараның шегі» деп атады.
АҚШ президенті Дональд Трамп 9 наурызда Австралияны ирандық футболшы қыздарға баспана беруге шақырып, олардың отанында «өлім қаупі өте жоғары» екенін айтқан. Ақ үй басшысы егер Австралия баспана бермесе, оны АҚШ ұсынатынын мәлімдеген.
Иран әйелдер құрамасы 8 наурызда Азия кубогының топтық кезеңіндегі соңғы матчында Филиппин құрамасына жеңілді. Әдетте топтық кезеңнен шығып қалған командалар чемпионат өткен елден бірнеше күн ішінде кетеді.