Сол кеткеннен мол кеттім, бір доза - бір жылдық тәуелділік - бұрынғы нашақордың әңгімесі
Метилэфедрон - бір қарағанда кір жуғыш ұнтаққа немесе ұнға ұқсайтын амфетаминдік қатардағы синтетикалық есірткі. Есірткі 15-26 жас аралығындағы жастар арасында үлкен қолданысқа ие. Соңғы зерттеу нәтижесіне сай, наркологиялық диспансерлерге түскендердің көбі 25-30 жас аралығындағылар болған. Алайда соңғы жылдары есірткі тәуелділігінен қиналатындардың көбі 16-18 жастағы қыз балалар екені байқалған. Malim.kz тілшісі кезінде есірткіге еліріп, бүгінде тәуелділігінен арылған Дана есімді қызбен сөйлесіп көрді.
Кейіпкеріміз қашан тәуелділіктің басталып, қанша уақытқа созылғанын, тәуелділігінен қалай арылғанын айтып берді. Хиканы баяндамас бұрын, мефедрон жайлы аздаған дерек ұсынуды жөн көрдік.
Полиция берген соңғы мәліметтерге сәйкес, тек өткен жылдың өзінде елімізде синтетикалық есірткі айналымы бойынша 1400-ден аса заңбұзушылық тіркеліп, 140 кг-дан аса еліткіш зат тәркіленген. Ал Есірткіге қарсы күрес басқармасы Асқар Мұхаметқалиевтің сөзінше, Қазақстанда синтетикалық есірткі саны жылдан өткен сайын артып жатыр.
Ертедегі бақсы-балгерлер есірткілік заттың әсерін біліп, сол заманнан-ақ көңіл-күйді көтеру үшін бұтақ жапырақтарын шайнайтын болған. Сондай-ақ олар көңіл-күй кенет көтерілгені сияқты, бірден ойыңды біртүрлі мұң билеп, адам әлсіздік сезіне бастайтынын да жақсы білген деседі.
Мефедрон - катинонның синтетикалық аналогы. Бүгінде қолданыста мефедронның түрі-түрі бар: қоспалардағы айырмашылық әсерінен есірткінің түсі түрленіп, ашық сарыдан сұр түске дейін өзгеруі мүмкін.
Классикалық мефедроннан бөлек оған қатты ұқсас екі нәрсе бар: 4-MEC және мефедрон хлориді. Аталғандардың біріншісі тамыр ішіне жіберіледі, ал екіншісі пероралды әдіспен, яғни ауыз арқылы алкогольмен араластырып қабылданады.
Пероралды әдісті қолданатын адамдардың уақыт өте иммунитеті бейімделіп, есірткіге тәуелділік пайда болады. Кейін барған сайын алатын әсер азайып, есірткіні қолдануға деген ықылас одан әрі арта түседі.
Қандағы есірткі ізін 12-48 сағат ішінде анықтауға болады. Егер бұған дейін адам тек бір рет есірткі қолданып көрген болса, зәрде ол соңғы 48 сағат бойы сақталады. Ал жүйелі түрде қолданатын нашақордың ағзасынан есірткі ізіні үш тәулік, тіпті кейде бір аптадан кейін де анықтауға болады.
Есірткі ең ұзақ адамның шашында сақталады, адам бір рет қолданған күннің өзінде із 90 күнге дейін тұрады.
Қалай және неліктен тәуелділік пайда болады?
Кейіпкеріміз осыдан бір жыл бұрын есірткіден бас тартпаса, бүгінгі халі қандай боларын ойлағысы келмейтінін айтады. Дана - 20 жастағы Алматы тұрғыны. Студент шағында кенет жаңа адамдармен танысқан ол есірткіге тәуелділік әп сәтте пайда болғанын еске алды.
Дананың сөзінше, мефедрон қолданысынан соң адам таңғажайып әлемге еніп, қалағаныңның бәріне оп-оңай қол жеткізетіндей өзін ең үздік адам сезінеді. Алайда көп уақыт өтпей бәрі керісінше болып, адам өзін түкке тұрғысыз сезініп, өмірден түңіліп кетеді.
Мефедрон қолданғаннан соң әдеттегіден көбірек дофамин шығарылып, нәтижесінде адам бойы босаңсып, өзін еркін сезіне бастайды. Мефедронды алкоголь қосып қабылдаған жағдайда жүрек қағысы жиілеп, адамның аяқ-қолы көгеріп кетуі мүмкін.
Мамандар мемфедронға ағза бір қолданып көргеннен үйреніп алып, алғашқы аптада-ақ тәуелділік пайда болатынын айтады. Алайда иммунитет қалыптасып қалған соң эйфориялық әсері де азая түседі. Осы себептен көп нашақор сол “бірінші доза әсерін” қайталауды аңсайды.
Заңнамаға сәйкес, мефедрон В тобы препаратына жатады, сондықтан оны қарапайым дәріханадан сатып алу мүмкін емес. Осы тыйым әсерінен есірткінің жасырын интернет-саудасы жүре бастады.
Өткен жылдың күзінде елімізде синтетикалық есірткі өндірісі, сақтау мен тарату бойынша қылмыстық жауапкершілік қатаңдатылды. Оған сәйкес, енді бұрынғыдай 50 грамм емес, есірткінің бір граммының заңсыз айналымы үшін абақтыға қамауы мүмкін.
Сол кеткеннен мол кеттім, бір доза - бір жылдық тәуелділік
Дана осыдан бірнеше жыл бұрын әкесінің жұмыс бабымен Алматыға көшіп келеді. Жаңа достар тауып, етене араласа бастап, бір күні бірінің туған күніне барады. Жалдамалы пәтерде жасалған кеште сол тәуелділік хикаясы басталады.
Ол кезде енді мектеп бітіріп, “ересек болдым” деген оймен бәрін көріп, білгім келіп тұратын. Негізі бала едім, - дейді кейіпкеріміз.
Қалай басталды?
Біраз отырып, көңіл көтеріп, ән айтып алған соң туған күнін жасап жатқан досым ас үйге кіріп, үстелге ақ ұнтақты жая бастады. Оның есірткі екенін сол кездеөақ білсем де, салдары қандай боларын, кейінгі әсері жайлы ештеңе білмеген едім.
Жасыратыны жоқ, көбіміз оған дейін-ақ ішіп алғанымыз бар, есіміз кіресілі-шығасылы еді. Тартып көруді ұсынды, мен де келісе кеттім. Он секунд өтпей есімді жиып алғандай сезімде болдым. Ал есірткі күшіне енген соң өзімді әлемдегі ең бақытты адам сезінгенім есімде.
Бойымды эйфория сезімі билеп, бірден бүкіл әлеммен сөйлескім келді. Осылайша бәріміз отырып, таңға дейін түрлі тақырыпта әңгіме-дүкен құрдық. Мефтен соң әңгімелескің келеді де тұрады.
Тәуелділік
Бас кезде әрбір нашақор сияқты әр ұнтақ орамы - жай еркелік деп, өзімді мүлде нашақорға теңемейтінмін, тәуелді екенімді де мойындамайтынмын. Бірақ көп уақыт өтпей аптасына жүйелі түрде 3 рет қолдануға көштім. Тек арадан алты ай өткен соң есімді жидым: біреу бетімнен шапалақпен салып қалғандай болды, сол туған күн кешінен бері алты ай өтіп кетіпті.
Негізі нашақордың бәрі тәуелді екенін, бұл тірлікті қою керек екенін түсінеді, біреулер бір айдан соң, біреуге алты ай, ендібіреу үшін бір жыл керек. Бірақ бұл тек тәуелді екенін түсініп, есін жиюы үшін керек уақыт. Нашақорға айналғанын түсініп, тірлігі қате екенін түсініп, ертесіне тәуір болып кеткен адамды көрмедім. Мен де бес ай бойы күресумен болдым. Кетем дейсің, қиналған сәтте бірден қайта ұнтақты іздей жүгіресің.
Нашақордың досы - нашақор
Оның үстіне, достарымның кім екенін білесіз. Нашақордың досы тек нашақор болады. Біз өз әлемімізде, бізді ешкім түсінбейтіндей, сырттағы эмоцияға толы адамдарды біз де түсіне бермейтінбіз. Мефті қабылдап алған соң, адамдардың кез келген нәрсеге қатысты реакция білдіріп, ренжіп, ашуланып, қатты қуанатындарын түсіне алмайтынмын. Кейін тәуелділіктен ақырындап арыла бастағанда сол эмоциялар да өзіме кері қайта бастады.
Алайда тәуелділік құрсауынан шығу жолындағы басты кедергілерімнің бірі сол - достарым еді. Олардан бөлініп, ұзақ тұру үшін ақыры бір айға басқа қалаға кетіп қалдым. Барлық жерде бұғаттап тастап, барынша байланысты үзуге тырыстым. Рас, бірден үзілді-кесілді қойдым, бітті дей алмайсың. Тек мөлшерін азайта бастайсың, негізі мұның өзі - үлкен ерлік. Ақырындап аптасына бір рет, кейін айына бір рет қолдана бастадым. Бір күні айнаға қарап, өзімнен жиіркеніп кеттім. Біртүрлі тірлік: өзімнің табысым да жоқ, ата-анамның бергенін тиынына дейін сол ұнтаққа жұмсаймын. Қайдағы бір ұнтақ бойымды, болмысымды билеп алған, ал мен бір жансыз дене сияқты болып көріндім. Оның түстіне әжептәуір салмақ тастап, “тозып” кеткенімді де сол кезде байқадым.
Ендігі қалғаны - өзіммен күресу еді. Көбі нашақорлардың өмірі күйзеліске толы, ата-анасынан мейірім көрмеген, махаббаттан ада қалған адамдар деп ойлайды. Рас, таныстарымның көбі жақсы, бақуатты отбасыдан шыққан, бірақ үйлерінде күнде жанжал болатын немесе ата-аналары ажырасып кеткен балалар еді. Олар расымен үнемі назардан тыс қалғандарын, махаббатқа бөленбегендерін айтып беретін. Алайда кейде өміріңде бәрі керемет болса да, шалыс басып кетуің - бес секундтың ісі екен. Ата-анам, бауырларым бар, махаббатты үйіп-төгіп берді, жағдайымыз да ешкімнен кем болған жоқ, қалағаным үнемі көп уақыт өтпей қолыма берілетін. Бәлкім, менікі сол баршылықты көп көріп, көтере алмай кеткенім бе екен?..
Дана осы тұста шынымен ұзақ ойланып қалды. Сәл кідіріп алып, сол бір кезеңді тек тәжірбие деп қабылдайтынын, еш өкінбейтінін айтты.
Не де болса, өкінбеймін. Тек бір семестр бойы оқуым жайына қалып, университеттен шығып кете жаздағаным, соның себебінен қосымша тағы бір семестр оқитыным - әзірге сол күндерден қалған соңғы белгі болар.
Кейде өрімдей жас шағымда дәмін татқаным дұрыс болған шығар деп ойлаймын. Себебі кезінде есірткімен алғаш 40 жасқа таяған шағында әуестене бастағандарды көрген едім. Олардың бала-шағасы, отбасы бар, онымен бірге қарасаң, жаның ашитын тәуелділігі бар. Өте сұмдық нәрсе.
Біреуді сынап, әрекетіне баға беру оңай, әрине. Өзім де күні бүгінге дейін қиналып кетсем, мефедронды ойлап тұрам. Сосын кезінде айнаға қарап, өз-өзімнен жиіркенген сәтім көз алдыма келіп, тез ес жиып аламын.
Айтқанымдай, өткенге өкінбеймін, тәжірбие, сынақ деп қабылдап, қайта сол сыннан сүрінбей өте білгенім үшін өзімді мақтан тұтамын. Себебі өзім түскен құдықтан өзім шықтым. Кей адамдар диспансерде емделіп, кейде мамандар да көмектесе алмай жатады. Бір рет құнығып, кейін жылдап емделсе де, есірткіге еліріп кете беретіндер бар.
Ресми дерек бойынша, осыдан екі жыл бұрын наркологиялық есепте 20259 қазақстандық тіркелген. Ал өткен жылы есірткіге тәуелді адамдардың еміне бюджеттен 37 миллион теңге бөлінген.
Кейде “Нашақор - мәңгі нашақор, тек кейде демалысқа кетіп отырады” дегенді естігенде ренжіп те қаламын. Өзім де айттым, бір сәтке кейде сол есірткі есіме түссе, әлі берілмей келемін. Мүмкін менің өмірлі сынағым сол болар: бір дәмін татып, артынша өмір бойы ойыма түссе де, өзімді тыйюдың қиындығын сезе өмір сүруім керек болар.
Сол себепті де адамдарға кеңес бер десе, “Жоламаңыз” дейтін шығармын. Себебі, дәмін тату, оған ақша табу, кейін ес жиып, тіпті құтылуға талпыныс жасау да - қазіргі өмірден оңай болған екен.