Тәуелсіздік күні бүгін тойлануы тиіс
Елімізде 1992 жылдан бастап тойланған 25 қазан - "Республика күні" мерекесі 2009 жылдан бері аталып өтілмейді. Қоғам қайраткерлері мен саясаткерлер 16 желтоқсан күніне қойылған Тәуелсіздік мерекесін Жаңаөзен қырғынынан кейін 25 қазанға ауыстыруды ұсынған. Солардың бірі саясаткер Жасарал Қуанышәлин 16-17 желтоқсан күндері Желтоқсан мен Жаңаөзен құрбандарын еске алу күні ретінде аталып өтілуі тиіс деп есептейді.
– 25 қазан күнгі мерекенің елеусіз қалып жатқаны түсінікті. Билік әдейі сондай есеппен оны елеусіз қалдырды. Кезінде Тәуелсіздік күнін 16 желтоқсанға байлап қойды. Сөйтіп, 17 желтоқсан – Желтоқсан оқиғасы болған күн, қазақ жастары алаңға шығып, қаны төгіліп, қаза болған күнді мейрам етіп жіберді.
Алайда 16 желтоқсан Тәуелсіздік күні жарияланған кезден бастап еш уақытта мейрам тәрізді өткен емес. Өйткені Жаңа жылға дайындалып, оны көмескілендіріп жүрді. Осылайша Тәуелсіздік күні өз дәрежесінде аталып өтілетін нөмірі бірінші мейрам болмады.
2011 жылы 16 желтоқсанда Жаңаөзенде қырғын болғаны белгілі. Сондықтан сонша қасірет әкеліп, сонша қан төгілген күнді мейрам қылу мүмкін емес. Сол күннің ертесінде-ақ біздер Алматыда митингіге шығып, бұдан былай ол күн мереке болмауы тиіс екенін айттық. Содан бері осы мәселе көтеріліп келеді. Дегенмен солай екен деп оны мерекелер тізімінен сызып тастамады. Әлі де мейрам деп келе жатыр. Сондықтан оны тоқтату керек. Бауырларымыздың қаны төгілген, қасірет әкелген күнді мерекелетуді қашанғы жалғастырамыз? Бұл имансыздық қой.
Әр нәрсенің өз уақыты бар. Күндердің күнінде, елде өзгеріс болған кезде 16-17 желтоқсан күндері Желтоқсан мен Жаңаөзен құрбандарын еске алу күні болып қалады.