Орал қаласында жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзған той кортежіне қатысты шара қолданылды, деп хабарлайды Malim.kz.
Полицияның мәліметінше, оқиға 18 сәуір күні кешкі уақытта тіркелген. Кортеж құрамындағы көлік жүргізушілері қарбалас көшеде қауіпті маневрлер жасап, жол қозғалысының өзге қатысушыларына қауіп төндірген.
Заңбұзушылықтар бейнебақылау камераларына түсіп қалған. Соның негізінде тәртіп сақшылары барлық көлікті анықтап, тоқтатты.
Ведомство өкілдерінің айтуынша, жүргізушілерге қатысты тиісті әкімшілік шаралар қолданылды.
Бейнебақылау жүйелері мен полиция қызметкерлерінің жедел әрекеттерінің арқасында барлық көлік анықталып, тоқтатылды. Құқықбұзушылықтардың жолы кесілді. Жүргізушілер әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – делінген полиция хабарламасында.
Полиция азаматтарды жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырып, мұндай әрекеттердің ауыр салдарға әкелуі мүмкін екенін ескертті.