Шығыс Қазақстан облысында автокөлік ұрлығының соңы қайғылы жағдаймен аяқталды. Жойқын жол апатының салдарынан екі адам көз жұмды, деп хабарлайды Malim.kz Azattyq Rýhy сайтына сілтеп.
Полиция департаментінің мәліметінше, 10 сәуір күні 35 жастағы ер адам «Honda Inspire» маркалы автокөлігін заңсыз иемденген. Ұрланған көлікпен Малдыбаев көшесі арқылы қалаға қарай бағыт алып, жол ережесін өрескел бұзған. Ол Аблакетка жақтан келе жатып, жолдың қарсы бетіне шығып кеткен. Соның салдарынан қарсы бағыттағы «Mercedes» көлігімен бетпе-бет соқтығысқан.
Соққының салдарынан екі жүргізуші көз жұмды. «Mercedes» ішінде болған жолаушы түрлі дене жарақаттарымен ауруханаға жеткізілді. Қазір оған медициналық көмек көрсетілуде.
Екі адамның өліміне әкеп соққан жол апаты бойынша қылмыстық іс қозғалды.
«Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп, оқиғаның мән-жайы анықталуда», — деп хабарлады ШҚО Полиция департаменті.