Алматыда үй жануарларын зарарсыздандыру үшін 117 млн жұмсалмақ

117 021 000 теңгеге үй жануарларын зарарсыздандыру және кастрациялау қызметін жалға алған.

Бақыт БЕКОВ

  • 18.04.2022

Қазіргі маусым үй жануарлары, әсіресе иттерде құтыру секілді түрлі ауру көп байқалатын кезең. Сондықтан оны есепке алу, зарарсыздандыру жұмысы құптарлық жайт. Десек те көрсетілген қомақты қаражаттың тиімді жұмсалуы және бұл шараның ауқымынан арттық қаржы емес пе деген күмәнді ойдың тууы заңды. Өйткені өткен жылғы деректерге сүйенсек, мұндай шаралар тегін атқарылғаны жайлы нақты мәліметтер бар.

2021 жылғы 1 қазанда Almaty.tv: «Алматы қаласында қаңғыбас жануарлардың санын ізгілікті түрде реттеудің 2021-2024 жыл аралығына арналған бағдарламасы аясында, үй жануарларын тегін зарарсыздандыру және ұрықсыздандыру бағдарламасын жалғастыру көзделген, оның шеңберінде шамамен 4000 ит пен мысықты қамту жоспарланып отыр. Бағдарламаны өткізу кезеңі: 2021 жылғы 1 қазаннан 31 желтоқсанға дейін жалғасады», – деп хабарлаған.

Алайда биыл бұл жұмыс қомақты қаржымен жүзеге асырылатын сыңайлы. Сыбайлас жемқорлықты тергеу бюросының дерегінше, Алматы қаласының Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы қала бойынша 117 021 000 теңгеге үй жануарларын зарарсыздандыру және кастрациялау қызметін жалға алған.

«Қызметтерге жануарларды тіркеуден бастап шығаруға дейінгі операцияның барлық талаптарын сақтау, сондай-ақ жануарлардың ауруханада болуы және шығарылғаннан кейін бақылау кіреді. Сонымен қатар, тапсырыс берушінің талаптары операцияға арналған үй-жайларды, қажетті жабдықтарды және ауруханада жануарларды күту қызметтерін қамтиды. Барлық ветеринарың біліктілігін растайтын құжаттары болуы керек. Байқау шарттарына сонымен қатар бұқаралық ақпарат құралдарында және әлеуметтік желілерде орналастыру үшін арнайы жарнамалық ролик жасау арқылы үй жануарларын кастрациялау және зарарсыздандыру бағдарламасы туралы халықты ақпараттандыру қызметтері бар. Әрбір операция жасалған жануар зарарсыздандыру/кастрация туралы жазбасы бар Pet Control бірыңғай деректер базасына енгізіледі», – делінген мәлімдемеде.

Аталған мәлімдеменің хабарлауынша, жалпы қаланың 8 ауданында ит пен мысыққа 9 мың ота жасау жоспарланған. Орта есеппен бір үй жануары 13 мың теңге кетеді. Операциядан кейінгі сәтті нәтиже кем дегенде 97% екен.