Ардагерлер «Ел тірегі» партиясын қолдамайды, митингісіне шықпайды
Қазақстан мемлекеттік туы мен Алматы қаласының таңбасы басылған және «соғыс ардагерлері» деген жазуы бар көк жалауды ұстап тұрған әскери киімдегі жиырма шақты адамның видео мәлімдемесі Malim.kz редакциясының поштасына келіпті.
Видеоға қарасақ, бүй дейді:
«Біз Алматы қаласы тәжік-ауған шекара әскери қақтығыстарына, Таулы-Қарабақ және Ирак қақтығыстарына қатысқан ардагерлер өзіміздің тіркелмеген «Ел тірігі» партиясына қосылмайтынымызды, ол партияға еш қатысымыздың жоқтығын білдіреміз.
Құрметті, президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев мырза, тәжік-ауған қақтығыстары ардагерлері сізді әрдайым қолдайды және сіз жүргізіп жатқан саясатты дұрыс деп есептейді. Біз Сіз жасаған жақсылықты ешқашан ұмытпаймыз. Үлкен құрметпен рақмет айтамыз. 2020 жылы 6 мамырда ардагерлер заңына қол қойғаныңызға үлкен рақмет, осы заңмен көп көмек келді. Ардагерлер деген атағымызды 20 жыл күттік. Ешқандай қиындықтарға қарамастан Сіз Ұлы Отан соғысының 75 жылдығы қарсаңында ардагерлер мәртебесіне қатысты заңға қол қойдыңыз».
«Біз ардагерлер әуелден-ақ Сіздің мемлекет басшысы, Қарулы күштер қолбасшысы ретінде жүргізіп отырған саясатты және Қазақстан Республикасының конституциялық құрылым қолдаушысы, қорғаушысы болғанбыз, боламыз және бола береміз. Біз, әскери қақтығыстар ардагерлері Сіздің саясатыңызға, Қазақстан Конституциясы құрылымына қарсы тіркелмеген саяси партияларға қарсымыз. Өйткені біз соғыстың не екенін, төгілген қанның қандай екенін білеміз. Тәжікстанда көрдік, халықты билікке айдап салудың соңы қандай боларын. Бізге ондай керек емес! Біз, әскери қақтығыстар ардагерлері, отбасымыз, бала-шағамыз, ағайын-туыс, дос-жарандарымыз дамыған мемлекетте бейбіт өмір сүргіміз келеді. Әскери қақтығыстар ардагерлері жергілікті билік орындарына идеологиялық жұмыс жүргізуге көмектесуге дайын».
«Біз Алматы ардагерлері Мұрат Мұхамеджановты, тіркелмеген «Ел Тірегі» партиясын қолдамаймыз. Жетінші қыркүйекте астанада өтетін митингке біздің қатысымыз жоқ. Алматыға келіп Мұрат Мұхамеджанов үгіттеген балалардың бәрі бармаймыз деп, бас тартты. Біз «Ел тірегі» партиясын қолдамаймыз. (Хормен:)Қолдамаймыз! Қолдамаймыз! Қолдамаймыз!»
Ардагерлер бір ауыздан қолдамаймыз деп отырған «Ел тірегі» (тіркелмеген) партиясы қайдан шықты? Қандай партия?
Бұрынырақта «Атамекен» кәсіпкерлер палатасында, одан кейін түрлі министрлікте басшылық құрамда жүріп мәжіліске депутат болған Нұржан Әлтаев алдыңғы жылы "Нұр Отаннан" қуылған соң, депутат мандатынан айырылып қалған еді. Сдан кейін ол «Ел тірегі» атты партия ашып, барлық оппозицияшыл күштердің басын қосып, «үйлестіру кеңесін» құрмағын жариялаған еді. Бірақ, билікте жүрген кезінде оппозицияға беті бұрылмаған Нұржан Әлтаевтың үйлестіру кеңесіне өзін оппозициямын деп санағандардан ешкім бармай қойған еді. Одан кейін осы жылдың маусым айында Нұржан Әлтаев партиясын тіркемей жатқанын айтып, байбалам салып, Астанада кішігірім шоу-митинг жасағандай болды. Сондағысы есте қалғаны Н.Әлтаевтың қасында ауған-тәжік соғыс ардагерлерінің тұрғаны еді. Енді міне, бүгінгі видео мәлімдемелеріне қарағанда енді, ардагерлер де Нұржан Әлтаевтан безіне бастағандай.
Фото: azattyq.org