«Ауыл» сайлауға дайын ба?
"Ауыл" қаладағы ауыл жастарымен кездесіп жатыр.
Жыл басталғалы парламентте көп орынға ие «Nur Otan» халықтық демократиялық партиясы басшылығы өңірлерге сапар шегіп, ел ішін аралауда. Партия төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан БАЙБЕК өзі батыстан бастап оңтүстікке дейін жолға шықты.
Қызығы, 2020 жылдың қаңтар айында отандық сарапшылар Қазақстанда парламент мәжілісінің сайлауы осы жылдың наурыз айында өтуі ықтимал деген болжам айтқан еді. Алайда, Орталық сайлау комиссиясы сайлаудың уақыты өтетінін хабарлаған. Яғни саяси науқан 2021 жылы өтеді.
Сайлауға бір-ақ жыл қалып отыр. Бұл тұста саяси партиялардың белсенділігін аңғаруға болады. Мәселен мәжілістен орын алмаған «Ауыл» халықтық демокартиялық патриоттық партиясы әр өірде кездесу өткізіп, жаңа жобаларды да қолға алып жатыр.
Былтырғы президенттік сайлауда бұл саяси ұйым өз қатарынан Төлеутай РАҚЫМБЕКОВТЫ шығарған еді. Ғани ҚАЛИЕВ партияны он үш жыл басқарған тұста президенттік сайлауға саяси ұйым қатарынан үміткерлер шыққан емес. Мәжіліс сайлауларында да жолдары болмады.
«Ауыл партиясы 2007 мен 2012 жылдардағы сайлауда екі пайыз да дауысқа ие бола алмады. Одан бері партияда өзгерістер болды. Қазіргі Ауыл халықтық демократиялық патриоттық партиясы басқа саяси ұйым. Олардың белсенді жұмысын аңғаруға болады. Мысалы бірнеше жылдан бері «Алтын тұғыр» деген әдеби байқау ұйымдастырып жүр. Біздегі көп ақын-жазушылардың бұқаралық ақпарат құралдарында қызмет атқаратынын ескерсек бұл да өзінше партия жұмысын насихаттаудағы қадам. Және оның оң тұстарын көріп отыр», - дейді «Ұлы дала» қоғамдық ұйымының басшысы Ғабиден ЖӘКЕЙ деді МӘЛІМ сайтының тілшісіне.
Осы аптада «Ауыл» халықтық демократиялық патриоттық партиясының Ақмола облысы филиалындағы жастар қанаты өкілдері жоғарғы оқу орындарында болып қайтты. Олар патияның атқарған істері мен алдағы жоспарларын әңгімеледі. «Еңбек Адамы – Ел Тірегі» саяси бастамалары туралы да айтты. Бастаманың басты мақсаты – еңбеккердің құқығы, қоғамдағы орыны һәм беделін арттыру болып табылады. Сондай-ақ, қазір жастардың барлығы смартфон арқылы әлеуметтік желілерде отыратыны белгілі. «Ауыл» партиясы жастар қанатының белсендісі Еділ Айшук саяси ұйымдарының интернеттегі арнайы парақшалары таныстырып шықты.
«Біздің партия қоғамдағы барлық процесстерге бей-жай қарай алмады. Ойлаған һәм жоспарлаған жұмыстар жеткілікті. «Ауыл – Достар клубын» құрмақпыз. «Жаңа көшбасшылар мектебі» атты партияішілік жобамыз да бар. Болашақ қашанда жастардікі. Жас кезде адам бойында күш те, жігерде болады. Сіздерді азаматтық позияцияларыңызды ашық білдіруге және партиямыздың қатарына кіруге шақырамыз», - деді «Ауыл» халықтық демокартиялық патриоттық партиясының Ақмола облысы филиалының үйлестірушісі Анар АЯПБЕРГЕНОВА.
Партия жұмысын жандандыруға қатысты тағы бір кездесу ақпан айының жетісі күні Орал қаласындағы Жәңгір хан атындағы аграрлық – техникалық университетте өткен-ді. «Ауыл» халықтық демокартиялық патриоттық партиясының Батыс Қазақстан облыстық филиалы төрағасы Мынатаубиік АНЕСОВ пен орынбасары Ақылбек СҰЛТАНОВ жастармен кездесті.
«Партиямыз «Еңбек Адамы – Ел Тірегі» бастамасы аясында облысымыздың ұлттық ат спорты федерациясының президенті Төреғали МҮТӘЛІ, сауда мен құрлыс саласының кәсіби маманы Құсайын Бақтиярды бүгінгі кездесуге шақырды. Жастар тіл ұлттық рух, ауыл жайы толғандыру тиіс деп ойлаймын», - деп сөзін бастаған Ақылбек Сұлтанов қоғамның жегі құртына айналған жемқорлық мәселесіне де тоқталды.
Сонымен қатар, студенттерді қызықтырған білім жүйесі мен бүгінгі ғылым жайлы да айтылды. «Тұмар» атты әдеби клубы бар университеттің әдебиетке талапты жастарын партия мүшелері өздері өткізіп жүрген "Ауылым-алтын тұғырым" әдеби онлайн байқауына қатысуға шақырды. Және осы конкурстың жеңімпаздарының шығармалары жинақталған «Алтын тұғыр» жинағының үш томдығы жиналғандарға таныстырылып, университеттің кітапханасына тарту етілді.
Фото: aikyn.kz
Бақытжан БЕРІКҰЛЫ