Дүнген, ұйғыр және басқа ұлттар қазақ болып жазылғысы келеді
11 қараша күні Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары болып тағайындалған Майя Бекбаева жаңа қызметі туралы пікірін айтты. Оның айтуынша, жаңа қызметі журналистің тарихи деректі фильмдер түсіруіне кедергі болмайды. Журналистік жұмысын одан әрі да жалғастыра береді.
«Қазақстан халқы Ассамблеясымен баяғыдан тығыз байланыстамын, іс-шараларын жүргіздім, журналистер клубын басқардым. Қазір осы бағыттағы жұмыстарды күшейту керек.
Сіздер белетін де шығарсыздар, мен өзім де көпұлтты отбасынанмын, сондықтан мен үшін діни келісімді, ұлтаралық татулықты сақтау – жеке, әрі күрделі мәселе. Басқа елдерде болып жатқан қақтығыстарды біз білмей өтсек екен деймін. Сол үшін жұмыс істеп, бәріне үлгеруге дайынмын», - деді Бекбаева.
Сонымен Қатар, Майя Бекбаева, Қазақстан халқы Ассамблеясы мүшелерінің қызметін насихаттамақ. Бекбаеваның сөзінше, ассамблея мүшелері барлық қазақстандықарға үлгі екен.
«Көп адам Қазақстан халқы Ассамблеясы тек съездер мен жиын-той деп ойлайды. Шын мәнінде бұл қазақ тілін, тарихын, мәдениетін, салт-дәстүрін жақсы білетін түрлі ұлт өкілдері. Олардың өмірлік құндылықтары маған жақын, түсінікті. Олардың ұстанымы бейбітшілік.
Мен осы адамдарды қоғам таныса деймін, өйткені олар бәрімізге үлгі. Біздің бірлігімізді сақтау үшін қазақ тілін үйрену маңызды», - дейді М. Бекбаева.
Сонымен қатар, Майя Бекбаева осы қызметке тағайындалған күні инстаграм парақшасы арқылы бәріне рахмет айтып былай деді:
"Барлығыңыздың құттықтауыңызға рахмет. Бұл қызмет жауапты, құрметті, қоғамдық қызмет. Сондықтан "Қазақ тв" телеарнасын одан әрі басқара беремін. Бүгін ассамблея отырысында өзіме қызық көрінген бір мәселені сіздермен талқылағым келеді. Тараздағы бір мектептің директоры, өз ұлты дүнген, әкесі дүнген, шешесі ұйғыр екен, кез келген басқа ұлт өкілі егер қаласа төлқұжатына қазақ, я қазақстандық деп жазса деген ұсыныс айтты. Ол кісінің аргументі Қазақстанда тұратын басқа ұлт өкілдері қазақ жерінде тұрғандықтан өздерін қазақ сезінеді екен. Ондай мүмкіндікті неге бермеске? Американы алайықшы. Үлкен ел, әртүрлі ұлттар тұрады. Бірақ бәрі ұлтын жазатын жерген "америкалық" деп жазады. Бұл ұсыныс туралы не айтасыздар?".
Бекбаеваның ҚХА-на келе сала қызыққан мәселесі қалың елдің қолдауын табар ма екен?