Екі күнде алтау: Нәлібаев аянып қалмайтын сияқты
Жаңа әкім айналасын "қоршауға" мықтап кірісіп кетті

Қызылода қаласына жаңа әкім тағайындалды. Нұрлыбек Нәлібаевтың облысқа әкім болып келгеніне көп болған жоқ, демек, оның біраз ауыс-түйіс жасайтыны түсінікті болған. Ол кеше ғана төрт бірдей басқарма басшысын және облыс әкімі аппараты басшысын тағайындап тастаған. Ал, бүгін облыс орталығына кезек келіпті.
Нәлібаев ҚР премьер-министрі кеңсесінің өңірлік даму бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалғанда орнына келген Қонысбек Қазантаевты орнынан алып, жаңа қала әкімі етіп Асылбек Шаменовті тағайындады.
Оқи отырыңыз: Әкімдердің арасында ең жаңа автокөлікті Нәлібаев теуіп жүр
Асылбек Шәменов бұған дейін осы облыстағы Жалағаш ауданының әкімі қызметін атқарған. Облыс орталығына – Нәлібаевтың қасына келердей қандай қатысы бар екен деген сұрақ туатыны түсінікті.
Жалпы, екеуі мемлекеттік қызметке қатар араласа бастаған. Нәлібаев қала әкімінің бірінші орынбасары (2005-2006) болып тұрғанда Шәменов Қызылорда облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының жетекші, бас маманы болып, мемлекеттік қызметке кірген. Туған жылдары да алшақ емес бұл екі жігіт тек, Нәлібаев бір жылға жетпейтін уақытқа премьер-министрдің кеңсесіне кеткен кезді айтпасақ, қандай қызмет істесе де, облыстан ұзап шықпаған.
Шәменов Нәлібаевпен қатар көшіп-қонып жүрмегенмен, 2015-2018 жылдар аралығында Нәлібаевтың орынбасары болған. Нәлібаев – қала әкімі, Шәменов – орынбасар. Бірақ, Нәлібаев 8 жыл табандап отырған уақытта, Шәменов бірнеше қызмет атқарып үлгерген. Десе де, 4 жылға жуық уақыт бірге қызмет істесу – аз уақыт емес. Демек, Нәлібаев өзінің сенімді кадрларын әкелуді бастап кетті деуге болады.
Оқи отырыңыз: Сапарбаев неге "командамен" жүретінін айтты
Нәлібаев барған облысына өз кадрларын (таңдаулыларын) қалдырмай ертіп жүретін ағасы Бердібек Сапарбаевтың рекордын жаңарта ма, жоқ па, уақыт көрсетер, әзірге, кадрға қол салуда аянып қалмайтын сияқты.