Ермұрат Бапи мен Тазабек Сәмбетбай "Негеде" неге төбелесіп қалды?

Malim Админ

  • 03.12.2020

31-арнадағы "Неге?" ток-шоуына қатысқан журналист, Дат жобасының жетекшісі әрі ЖСДП-ның бұрынғы төрағасы Ермұрат Бапи мен ЖСДП төрағасының орынбасары Тазабек Сәмбетбай төбелесіп қалды. Жексенбі күні шығатын бұл хабардың үзіндісін бағдарлама жүргізушісі Ерқанат Көпжасарұлы әлеуметтік желідегі парақшасында бөлісті.

Үзіндіде жүргізуші Ерқанат Көпжасарұлы Ермұрат Бапиге"ЖСДП партиясын 200 мың долларға сатып жіберді" деген әңгіме рас па?" деп сұрақ қояды. Е.Бапиден бұрын Т.Сәметбай бұл сұраққа "рас" деп жауап береді.  "Жоқ, бұл әңгіме былай... бұл партияны мен төраға болған кезде..." - деп сөзін бастай берген Е.Бапиді бөліп жіберген Т.Сәмбетбай: "Базар қылды, саяси сахнада базар қылған. Саудагер! Көпес!"- дей жөнеледі. Осы кезде Е.Бапи үстелдегі стақанды алып, ішіндегі суды Т.Сәмбетбайға қарай шашып жібереді де, стақанын сілтеп қалады.  Содан кейін жалма-жан бір-біріне ұмтылған саясаткерлер бір сәтке бағдарлама студиясын төбелес рингіне айналдыра жаздайды. Е.Бапи Т.Сәмбетбайді ұрып, теуіп жібереді. Осы сәтте Т.Сәметбай мен Е.Бапиді жүргізуші Е.Көпжасарұлы мен "Ауыл" партиясының тізіміне кірген журналист Дәурен Қуат ажыратады.

Malim.kz Тазабек Сәмбетбай мен Ермұрат Бапиге хабарласып, төбелес неден шыққанын  сұрап көрді.

Т.Сәмбетбай не дейді?

ЖСДП партиясы төрағасының орынбасары Тазабек Сәмбетбай пікірталас кезінде Е.Бапи өзін ұстай алмай ашуға берілді дейді.

"Бұл пікірталас форматы болатын. Тақырыбы – қазіргі парламентте жоқ партиялар. "Адал" партиясынан Мақсат Толықбай, "Ауыл" партиясынан Дәурен Қуат болды. Пікірталас кезінде сөзге келіп қалып, Ермұрат Бапи өзін ұстай алмай, ашуға беріліп, сондай әрекеттер жасады. Жүргізуші Ерқанат Көпжасарұлы Ермұрат Бапиге "ЖСДП-ны 200 мың долларға сатқаныңыз рас па?" деген сұрақ қойған. Сол жерде жауап беріп жатқан Ермұрат Бапи менің репликама ашуланды. Мен: "Бұл рас, Е.Бапи ЖСДП төрағасы болғанда партияны сатпақ болды. Нақты айтсақ, Бергей Рысқалиевке, оның артында тұрған Ә.Қажыгелдинге, оның артында тұрған билік құрылымдарына партияны сатпақ болды. Пікірталаста "саудагер, саяси спекуляцияға сатқан көпес", - дедім. Соны айтқанда Е.Бапи ашуға берілді.  Алдымен су шашты. Ол су маған емес, Мақсат Толықбайға шашырап кетті. Одан кейін стақан лақтырды. Оны тосып алып, орнына қойдым. Осы кезде "Ермұрат Бапи, неге шамданасыз? Сіз саясаткер емессіз, сізде салқынқандылық жоқ, тек эмоцияға берілесіз" дедім. Бұл жері үзіліп қалған. Сөйтіп, бір-бірімізге жақындаймыз, Е.Бапи бірқолымен мені ұрып, аяғымен менің аяғымды тепті. Осы жерде сондағылар бізді ажыратып алды да, бағдарлама ары қарай жалғасты", - дейді Т.Сәмбетбай.

Ермұрат Бапи не дейді?

Е.Бапи ток-шоудың түсірілімі  кезінде Т.Сәмбетбай өзіне "саудагер, партияны сатпақшы болды"деген сияқты намысқа тиетін сөздер айтты дейді. "Мен басымнан сөз асыратын адам емеспін ғой.  Бүйткен-сөйткен сияқты өсекті естігенде қазіргі жігіттер тәрізді тура жүгірдім. Ер азаматтардың ұсақ дүниеге еріп, сондай сөз айтатынына шыдамаймын. Претензияң болса, айтуың керек қой. Олар партия қарызы қайдан шыққанын, Жармахан Тұяқбайдың партия алдында қарызы бар екенін, мән-жайдың бәрін жақсы біледі. Соны біле тұра істеп жүргеніне жының келеді. Бұл өздерін ақтап, таза қылып, өздерінің былғанғанын басқаның есебінен тазалап алу әрекеті. Біреуден кек алу үшін қайдағы жоқ сөздерді, еркектің басына, жасына жараспайтын сөздерді айтатын адамдардың жанына жолағым келмейді. Жоласам, төбелеске дейін баруым мүмкін. Өйткені оларға тек жұдырықпен түсіндіре аласың", - дейді Е.Бапи.

Е.Бапи пікірталастың төбелеске ұласуына сайлауға қатысудан бас тартып, бойкот жариялаған ЖСДП әрекетін сынағаны түрткі болды дейді."Ол өзінің қоздырған әңгімесі.  ЖСДП бойкот жариялайды. Сол жерде тұрған азаматтар "сендердікі дұрыс емес" дегендей пікір білдірді. Мен де азаматтық қоғам мен халықтың мүддесін сатып кеттіңдер деп айттым.  Nur Otan-ға қарсы дауыс беретін сайлаушылар оппозиция деген аты бар ЖСДП-ға беретін еді, сендер соның бәрін мансұқ еттіңдер деген әңгіме болды. Жауап ретінде "партияны сатпақшы болды" деген әңгімелерді алға тартты", - дейді Е.Бапи.

ЖСДП-ның бойкоты

ЖСДП парламент  мәжілісіне кезекті сайлау жарияланған соң соңғы сәтке дейін мәлімдеме жасамай, бүкіл партиялардың соңынан өткізген  съезінде сайлауға бойкот жариялау жөнінде шешім қабылдады. Дегенмен бастапқыда азаматтық белсенділер Айман Тұрсынхан, Фатима Жандосова, Асхат Асылбеков пен басқалар ЖСДП тізіміне кіріп, партияны қолдауға дайын отырған еді.

"Азаматтық қоғам және басқа демократиялық күштердің өкілдерімен сайлауға бірге бару туралы келіссөз жүргіздік. Ол қалыпты нәрсе. Бірақ келіссөз нәтиже бермеді. Керісінше, азаматтық қоғам өкілдері бойкот жариялауға үгіттеді. Олардың айтуынша, бұл арсыз сайлау, оған қатысып, сайлауды заңдастырып беру қажет емес, керісінше оны әшкерелеу керек", - дейді ЖСДП төрағасының орынбасары Т.Сәмбетбай.

Ал Ермұрат Бапи ЖСДП-ның бойкоты мән-мағынасы жағынан басқа саяси күштердің бойкотынан бөлек дейді. "Бір қарағанда, ЖСДП-ның бойкоты сайлауға бойкот жариялайық деген саяси күштердің бойкотымен үндес сияқты. Алайда бұл ЖСДП-ны сайлауға қатыстырмас үшін әдейі жасалған биліктің бойкоты. ЖСДП сайлауға қатысса, билік партиясына дауыс бергісі келмейтіндер ЖСДП-ға дауыс беріп, 11 қаңтар күні сайлау нәтижесімен келіспесе, алаңға шығуы мүмкін еді. Соның алдын алу үшін бойкот жариялады.   Жалпы, сайлау жарияланған соң ЖСДП қараша айының соңына дейін мәлімдеме жасамады. Соның өзінен-ақ қожайындары рұқсат бермегенін көруге болады. Съезді соңына қалдыруда  азаматтық қоғам өкілдері басқа партияларға кіріп кетпесін, өзге партиялар тізімдерін бекітіп алсын деген мақсат көздеді. Сөйтіп, ЖСДП арқылы сайлауға барамыз, Nur Otan басымдығын жоямыз деген белсенділерді алдап соқты. Осылайша сайлауға қатыспақ болған белсенділердің мүддесін быт-шыт қылды. Енді бұл сайлауда ешқандай интрига қалмады", - дейді Е.Бапи.

ЖСДП өзін ресми тіркелген жалғыз оппозициямыз деп атайды. ЖСДП-ны  басқарған Жармахан Тұяқбай былтыр сәуірде партия басшылығынан кетіп, оның орнына ЖСДП төрағасы болып сайланған журналист Ермұрат Бапи бұл қызметте небәрі төрт айдан сәл астам уақыт қана отырды. 2019 жылы қыркүйекте өткен партия съезінде Бапи партия қатарынан шығарылып, төрағалықтан алынды. ЖСДП өкілдері бұрынғы төрағаны "сыртта қашып жүргендерден ақша алмақ болды" деп айыптайды. Е.Бапи бұл айыптауларды жоққа шығарған.

Байланысты жаналықтар

Барып тұрған арсыздық – Ермұрат Бапи Әлия Назарбаеваның кәсіпкермен арадағы дауы жайлы

29.05.2024

Назарбаевтың інісі Самат Әбіш шартты түрде 8 жылға сотталды – Депутат

20.03.2024

Шенділер үшін өтірік жиын өткізу азарт па?

25.08.2023

ЖСДП: Әблязов арандатушы

27.11.2020

Митинг өтті дүркіреп

31.10.2020

Рысбек Сәрсенбайұлы: Сайлау кейінге қалуы керек

28.10.2020
MalimBlocks
Барып тұрған арсыздық – Ермұрат Бапи Әлия Назарбаеваның кәсіпкермен арадағы дауы жайлы

Журналистер кулуарда депутаттан “Әлия Назарбаеваның Бимурзиннің өзін сотқа беруі қандай да бір сигналды білдіре ме?” деп сұраған.

Назарбаевтың інісі Самат Әбіш шартты түрде 8 жылға сотталды – Депутат

Бұл туралы Ермұрат Бапи әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.

Шенділер үшін өтірік жиын өткізу азарт па?

Депутаттар биыл жазғы ұйқыларынан ерте оянғандай.

ЖСДП: Әблязов арандатушы

Митинг өтті дүркіреп

Рысбек Сәрсенбайұлы: Сайлау кейінге қалуы керек