Көкшетау: Ғайса Алашқа тағзым етпейді

Мемлекет тұтастығына қауіп төндіретін әрекеттер жоқ емес

Олжас Қасым

  • 30.05.2022

Соңғы жылдары Көкшетау қаласының  қоғамдық белсенділері шаһардың  идеологиясын ұлттық бағытта жүргізуге күш салып келеді. Уақыт талабына жауап бере алмаған  көше атаулары қазақыланып, өзге де оң өзгерістер  іске асты.  Алайда, қалада мемлекет тұтастығына қауіп төндіретін әрекеттер де жоқ емес дейді азаматтар. Шаһардың ұлттық келбетін жасақтауға  бастамашы болып жүрген қоғам белсендісі  Бақыт Смағұл Malim.kz тілшісіне өзекті мәселелер жөнінде сұхбат берді.   


- Ертең 31-мамыр, елімізде қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні. Осыған орай Көкшетау қаласында шеру өткізуге рұқсат сұрап, әкімдікке хат жолдаған екенсіздер. Алайда, әкімдік шеруге рұқсат бермепті. Не себепті?

- Өткенде Көкшетау қаласы әкімдігіне Аза күні «Алашқа тағзым!» шеруін өткізуге рұқсат сұрап, хат жолдағанбыз. Шеру өткізуге рұқсат берген көше тысқары болғасын, орталық көшені сұрап едік. Әкімдік көнбеді. Алдымен Абылай хан ескерткіші жанындағы саябақтың ішімен, сосын жол жиегінде жаяу жүргіншіге арналған жалғыз аяқ жолмен жүрсеңіздер деп еді. Оған бір көніңкіремедік. Себебі, бұл кешегі кеңестік империяның солақай саясаты салдарынан қырылған миллиондаған қазақты, Алашты ел етемін деп құрбан болған алашшыл азаматтарды еске алып, тағзым ететін күн. Сондықтан осы қаралы күнге арналған шеруді әуре-сарсаңға салмай-ақ қоюларына болатын еді. Осыдан кейін әкімдерді қалай жақсы көресің. Айтатындары заң бәріне ортақ, белгіленген жерде өткіз, саған орталық көшені берсек, басқалар да ертең дәметеді деген шолақ ой. Жеңіс күні де ешкім заңмен белгіленген көшеге қарап жатқан жоқ қой. Әлде соғыс жылдарында құрбан болғандармен, аштықтан және қазақты ел етемін деп саяси құрбан болғандардың арасында айырмашылық бар ма?! Екі қанды қырғынның бір-бірінен еш айырмашылығы жоқ деп ойлаймын. Осыны түсінбеген қаланың әкімі Бауыржан Ғайсаның ақыры шеруімізді өткізуге үзілді-кесілді келісім бермегені, әрине, өкінішті.

Референдумның алдында оғаш қылық көрсетеді деп ойлайтын сияқты. Бірақ, мен ешқандай заңға қайшы ештеңе жасаған жоқпын. Хат жаздым, жауап алдым. Оған қанағаттанбайтынымды жеткіздім. Біз демократиялық қоғам құрамыз, жаңа Қазақстанды бастаймыз деп жатырмыз. Бірақ, демократиялық құндылықтар аяққа басылған жерде әділдік болмайды.

Әкімдік ақыры шеру емес, еске алып, тағзым ету митингісін өткізуге рұқсат берді. Ол орын-«Синема» кинотеатры алдындағы Тәуелсіздік монументінің жаны. Шараны ертең  сағат 10.00-ге межелеп отырмыз. Ал, сағат 11.00-де бұрынғы «Советтер үйінің» бірінші қабатындағы мәжіліс залында Аза күніне арналған тағылымдық шара өтеді.

Көкшетауда бәрі сол ашаршылық құрбандарына қарсы сияқты көрінеді. Кезінде біз Аза күнін қаланың орталық алаңында өткізетінбіз. Ана бір жылдары облысты билеген Дьяченко деген әкім тақиясына тар келді ме, Аза күнін еске алуға арналған ескерткішті қаланың шыға берісіне аластатты. Қазір ол жерге ешкім бармайды. Осының бәрі қасақана істелмегеніне кім кепіл?!  

- Жақында ғана қаладағы «Достық» үйінде жергілікті казактардың христиан моласы жанында орнатылған крест ескерткіш жанында жиналып, «Көкшетау станицасының іргесін казактар қалады» деп айтқанын білеміз. Оқиғасы қызу талқыға түсті?   Бұл елдік тұтастыққа сызат түсіретін жағдай сияқты... 

Бұл бәріміздің ашу-ызамызды туғызды. Оның да себебі бар. Қашанғы әскери киімдерін киіп алып, ойларына келгенін істеп, тайраңдай береді олар. Осылай кете берсе, түптің түбінде тыныштыққа сызат түсіретін оқиғаға айналуы әбден мүмкін. Бұл жағдай 1991 жылдан бері жалғасып келе жатыр. Сол жылы олар қазақ кәсіпкерлерін  тонап, оның соңы саяси сипат алып кетіп, одан кейін Ресейдің казактары келіп, солардың сотын жазған едім. Қанша жылдан бері олар 9-мамыр сынды мерекелерде қылыштарын қолына алып көшеде шерулетіп жүреді. Осыдан бір-екі жыл бұрын 9 мамырда киімдерін киіп, қылыштарымен көшеге шыққанын жазып, олар қаруларын сувенирлік құрал деп   ақталып, тынышталған  болатын. Оларға жыл сайын әскери әдістерді үйренуге  үкіметтен лот береді, бұл қаржы әлеуметтік тапсырыс аясында беріледі.  Казактар 18-ге толған балаларын орманға апарып әскер жаттығулар орындайды. Киімдерін алып береді.   Бірақ, ешкім ештеңе демесін дей ме, қолдарына қазақтың жалаушасын ұстап жүреді. Олардың не істеп жатқанын ешкім көріп жатқан да жоқ. Божко билікте болған кезде лауазымын пайдаланып, әкімдерге бұйрық беріп казактар ұйымдарына  жергілікті  бюджеттен қаражат бөлгізіп тұрды. Бес-алты жыл қатарынан солай істеді. Сонымен жазбаған жеріміз, айтпаған мінберіміз қалмады. Назарбаевтың адамы Божкоға Жергілікті әкімдіктер ештеңе істей алмады. Қазір де бюджеттен патриоттық бағыт бойынша ақша бөліп тұрады. Әкімдік казактардың әскери машықтануына қаражат береді, ал сол қаржыны қазақ жастарына неге бермейді? Қазір жастардың бірқатары әскерге барғысы келмейді. Жас буынды алдын ала бір жыл бұрын алаңқайға шығарып, киіз үй тігіп, 10-15 күн жиын өткізіп,  әскери машықтануға ақша берсінші, соны мен-ақ жасар едім. Олардың бойына патриоттық рух сіңірейік, батырлардың ерлігін дәріптейік. Сол кезде өскелең ұрпақтың кеудесінде намыс оты жанып, Отан алдында борышын атқаруға құлшына кірісер еді. Бірақ рухын оята алмай жатқандықтан, жастар  әскерге аттап басқысы келмейді. Әскерде тәртіп  сақталмайғ келеңсіз жағдайлар орын алуда.  Мұның бәрі де ішкі рухының ояу болмауында.  Жай ғана кеш өткізеді, оның бәрі жасанды болып шығады.  Айтасың, талап етесің. Бізді кім тыңдайды?! 

- Олар крестті қашан орнатып жүр? 

- Крестті екі жыл бұрын пандемияның кезінде орнатты. Көкшетау қаласының шеткі жағында орыстың зираты бар. Соның қасына апарып қойған. Таудың басына қоюға талпынғанымен әкімдік рұқсат етпеді. Орнатылған крестте  «Көкшетау қаласының іргетасы  1824 жылы сәуір айында казактардың станицасы негізінде  қаланды» деген жазу бар. Расында да қаланың негізі сол жылы қаланды деп айтылады.   Казактар жыл сайын мамыр айында сол жерде рәсімдерін өткізеді. Олар неге әскери киімін киіп, рәсімдерін өткізеді? Көкшетауда бір ғана емес, 4-5 казак ұйымы бар. Бүкіл ауданда филиалдары бар.

Осы мәселелерді көтеріп облыс әкіміне хат жазылып, казактардың бұл әрекетіне құқықтық баға берілуі талап етілді. Кездесуге қатысушылар өздерінің талап-тілектерін ортаға салды. Біріншіден, казактар тәуелсіз қазақ елінде өмір сүріп отыр. Олай болса, Қазақстанның заңын белден баспай, сақтауы тиіс. Бірақ, олар әскери киімдерін киіп алып, еркінсігені заң, құқық қорғау органдары тарапынан тиісті талаптың қойылмауынан. Кездесуде қазақ көшеге шықса, қапасқа қамаймыз, казак шықса, жұмған аузымызды ашпаймыз. Қазақтың бұл талабы орынды, заң бәріне ортақ, осы жерде тұрып жатыр екен заңды сақтасын.

- Тарихшы Жамбыл Артықбаев Көкшетау қаласының іргетасы Шат ауылынан басталады деп айтып жүр дедіңіз. Зерттеу жасап, қала тарихын арыға созуға болатын сияқты ғой...  

Көкшетау қаласының орнында қазақтың Шат деген елді мекені болғаны рас. Жамбыл Артықбаевтың айтуынша, казактардың станицасынан бұрын көкше жерінде Бұқпа тауының етегінде Шат деген ауыл болған. Бұл туралы тарихи деректе бар. Қала өзінен өзі  орнай салмайтыны белгілі, бірінші ауыл болады. Сондықтан Көкшетаудың негізі Шат ауылынан басталады. 1924 жылы емес Шатты ауылының құрылған кезін анықтап, өзіміздің белгімізді орнатуымыз керек. Сондай ұсынысымыз бар. Бірақ бұл жұмысқа жалғыз шамам келмейді, бұған биліктің қолдауы керек.

Неге біз Ресейдің тарихымен жүре береді екенбіз.«Сібірді алғаш ашқан атаман Ермак» деген тарихи айғақ бар-мыс. Сібірде әлі орыстың аяғы тимей тұрып, Көшім ханның иелігі болған жоқ па?! Сібір мұхиттың ортасындағы адам аяғы баспаған жер болып, оны Ермак ашса бір сәрі. Ермакқа дейін осы орта жүздің арғыны мен керейі Сібір хандығының негізгі халқы болған жоқ па еді. Менің ұлы атам Есбол Күрсарыұлы сол Көшім ханның бас қолбасшысы болған. Казактардың қазақ жеріне алғаш аяғы тигенде қарсы соғысқан. Олай болса, казак біз үшін отарлаушы. Сондықтан осындағы казактар қазақ жеріне қалай, қайдан келгенін білулері керек.

Осы тұрғыдағы мәселелер ашық айтылды.

- Казактардың жөнсіз  әрекетіне тоқтам салатын заң жоқ па? 

- Осы күнге дейін казактың әскери киімін шештіретін заң жоқ екен. Заңгерлер бүкіл заңды қопарып, осындай түйін жасады. Біз Конституцияны өзгертеміз деп жатырмыз. Елдің тәуелсіздігі мен азаттығынан қымбат ештеңе жоқ. Сондықтан тәуелсіздікке қылау түсіріп, тыныштықтың шырқы бұзылмасын десек, казак ұйымдарының қызметіне тыйым салынуы керек. Олардың жарғысына да үңіліп көрдік, онда әскери жиын, құрылым деген бір ауыз сөз жоқ. Олай болса, әскери киім киінбесін, қылыштарын жалаңдатпасын. Егер қазақтың азаттығын сыйласа, осы елде қазақпен тату өмір сүргісі келсе, өздеиінің отарлаушы бабалары үшін кешірім сұрауы керек. Сол кешірім үшін әскери киім кисек, қазақтың намысына тиеміз деп бір сәт ойланулары да керек. Керісінше, әскери киімдерін киіп, қазақты жаулаудың ошағы болған станицаларының тарихын да қопарғаны жөн емес. Ол қазақтың жанды жері екенін ұғынатын уақыттары болды.

Тыныштығымызға осындай Ресейдің тарихын тықпалайтындар себеп болып жүрмесін десек, Парламент жоғарыда айтылған заңды қабылдауы керек. Жергілікті заң және құқық қорғау органдары казак ұйымдарының заңсыз әрекетіне тосқауыл қоюы тиіс.


Қоғам белсендісі Бақыт Смағұлдың көтерген мәселесіне байланысты Көкшетау қаласы әкімінің орынбасары Азамат Ысқақовқа хабарластық. Әкім орынбасары қоғам белсенділерінің ұсыныстарына орай төмендегідей жауап берді. 

«2020 жылы казактар ата-бабаларына тағзым ету үшін крест орнатқан болатын. Сол уақытта пандемия басталды. Көпшілік жиналатын іс-шаралар тоқтатылды. Сол себепті олар рәсімдерін өткізе алмады. Биыл 2-мамырда казактар рәсімдерін жасады. Шараның видеосы сол кезде тараған еді. 

Біздің қалалық әкімдік казактарға ешқандай лот бермейді. Ішкі саясат басқармасы этностар арасында азаматтық сәйкестік және қазақстандық патриотизм қалыптастыруға бағытталған мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс бар деген ақпарат берді. Биыл осы бағытта 2 млн теңге бөлінді. Бірақ бұл жалпы ұлттық этностарға бөлінеді.

Шеруге байланысты айтар болсақ, қаламыздың қоғамдық белсенділері жергілікті атқарушы органның атына арыз жазды. Алаштықтарға тағзым ету үшін шеру жасағысы келетінін айтты. Сол арыз негізінде жиын өткізуге бекітілген орындарды жазбаған. Бізден басқа жерлерді сұрады. Сол заңға сәкес олардың талабына тыйым салынып, ұсыныс қабылданбады. Бақыт Смағұлмен сөйлестік. Ертең жабық ғимаратта жастармен кездесу өткізеді. Арыстар ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, кішігірім конференция жасайды». 

 

Байланысты жаналықтар

Ринат Зайытов заң жобасын орыс тілінде таныстырған шенеуніктерге ренжіді

17.09.2024

Спортқа жауапты басқарманың экс-басшысы сотталды

17.09.2024

Петропавлда ұрланған көлік Көкшетауда табылды

15.09.2024

Конституциялық Сот «Төрелік туралы» заңнаманы жетілдіру мәселесін қарауды ұсынды

14.09.2024

15 тоннадан астам заңсыз ауланған балық тәркіленді

10.09.2024

Елімізде онлайн жезөкшелікке тыйым салынды

06.09.2024
MalimBlocks
Ринат Зайытов заң жобасын орыс тілінде таныстырған шенеуніктерге ренжіді

Спортқа жауапты басқарманың экс-басшысы сотталды

Сурдлимпиаданың спорт түрлерінен аға жаттықтырушыны заңсыз тағайындады деген айып тағылды

Петропавлда ұрланған көлік Көкшетауда табылды

Жүргізуші оны біреуден сатып алған болып шықты

Конституциялық Сот «Төрелік туралы» заңнаманы жетілдіру мәселесін қарауды ұсынды

Конституциялық Сот жеке тұлғаның өтінішін қарады

15 тоннадан астам заңсыз ауланған балық тәркіленді

"Браконьер" жедел-профилактикалық іс-шарасы жалғасып жатыр

Елімізде онлайн жезөкшелікке тыйым салынды