Ләззат Разбекова: Жастар өз саласының шебері болуы керек

Біз дайындаған қызмет көрсету саласының мамандары нарыққа жетпейді

Олжас Қасым

  • 26.10.2023

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы елдің өркендеуі жолында жастарға басымдық беру туралы жиі айтады. Жастар саясатына айрықша  назар салынып, осы бағытта түрлі заңдар қабылдануда. 2025 жылға дейін қазақстандық жастарды қолдау үшін кешенді жоспарлар ретімен іске асып жатыр. Өскелең буының өмір сапасын арттыру мақсатында президент жанынан құрылған жастар саясатын жүргізетін кеңес жұмысы жанданды. «Жастар тәжірибесі», «Тәуелсіздік ұрпақтары» сынды берері мол жобалар қолға алынғаны мәлім. Қазақстан азаматтарының үштен бір бөлігін жастар құрап отыр. Жаңа  буынның  салыстырмалы түрде орташа жас мөлшері  32 жас. Жастарға қатысты өзекті мәселенің бірі – олардың еңбекпен қамтылуы, ел экономикасына белсенді үлестерін  қосу. Бұл ретте жас толқынның қабілетін дамытып, кәсіби, сапалы білім алуы қашанда маңызды.  Malim.kz тілшісі осы бағытта жұмыс істейтін Астана қаласы Теxнологиялық колледжінің директоры, қоғам қайраткері Ләззат Разбековамен сұxбаттасқан болатын.   


- Ләззат ханым, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев біліммен қаруланған, креативті, озат жастарға сенім артып келеді. «Қажетсіз мамандық болмайды, біліксіз маман болады. Ерінбей еңбек еткен жан өз ісінің майталманы атанады. Ал, кәсібін толық меңгерген адам қашанда сұранысқа ие болады. Біз еңбек адамының мәртебесін көтеруге баса мән береміз»,-дейді. Сіздің  басқаруыңыздағы   білім ошағында еңбексүйгіш  жастар  даярланады. Жалпы, қазіргі таңда жастарға кәсіби білім берудің маңызы мен мәні қандай? 

- Кәсіби білім берудің маңызы күннен күнге артып келе жатыр. Бұл – заман талабы. Бүгінде орта кәсіптік, арнайы кәсіптік білім алып өз маманының шебері болған адамдардың жалақысы жоғары оқу орнын бітірген адамдардан қарағанда әлдеқайда жоғары. Сондықтан, ең бастысы өз ісінің маманы болуы қажет. Біз заманға сай жұмыс істейтін, үздік, талапты кадрларды оқытып келеміз. Қазір жастар да кәсіптік білімді игеріп, өз саласының маманы болса аузы аққа тиетінін түсінді. Бұрынғыдай жастардың барлығы бірдей заңгер, экономист, қаржыгер болуға ұмтылмайды. Бәрі бірдей жоғары білімді мамандар бола берсе қызмет көрсету саласында, өндіріс пен кәсіпорындарда, құрылыста кім қызмет етеді? Бұл салалар ертеңгі күн дағдарысқа ұшырап, жұмысшы күшін шеттегі елден алдыруға мәжбүр болуымыз мүмкін.

Қазір Қазақ­­стандағы еңбек нарығында 630 мың маман жетіспейді екен. Бұл – жай ғана цифр емес, бюджет үшін қып-қызыл шығын. Дәл осы кадр тапшылығы салдарынан отандық кәсіпорын­дардың кірісі кеміп, еліміз жыл сайын 1,5 триллион теңге жоғалтады екен. Демек мәселе өзекті деген сөз. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін біз өз тарапымыздан білім мен білігі бірдей, адами құндылықтарды бойына сіңірген мамандар даярлауға барымызды салудамыз.

                  Шаштараз мамандығында оқитын студенттер 

- Жастарға кәсіптік білім беру, оларды жұмысшы мамандықтарына даярлау, мамандарды қайта оқыту және олардың біліктілігін көтеру – мемлекетіміздің жастар  саясатының басым бағыттарының бірі. Президент те жұмыссыздықты жойып, ел азаматтарын еңбекке бейімдеу жөнінде үнемі айтады. Осы орайда Сіз басқаратын 50 жылдық тариxы бар Теxнологиялық колледжде қандай мамандықтар оқытылып жатыр? Мамандарға сұраныс жағы қалай?

- Біз әзірше 3 мамандық аясында дайындаймыз. Олар: наубайшы, шаштараз, тігінші. Нарыққа қажетті, сұранысқа ие мамандықтар деп санаймын. Сондықтан, бізде жұмысқа орналасу көрсеткіші жоғары. Керісінше, біз дайындаған қызмет көрсету саласының мамандары нарыққа жетпейді. Елордамызда үлкен жеңіл өнеркәсіппен айналысатын зауыт-фабрикалар, наубайxаналар, түрлі цеxтар, жеке кәсіпкерлер бар. Солардың бәрі дерлік колледжімізге келіп, әлі оқу аяқтамаған студенттерді өздеріне жұмысқа қуана қабылдауға әзір. Тіпті, өндірістік тәжірибелері кeзeңіндe  студенттер жалақы алады. Бұл студент үшін үлкен қолдау деп санаймын.

- Атап айта кету керек, «Жас маман» жобасы аясында Үкіметтен қомақты қаржы бөлініп, әлемдік стандарттарға сай құрылғыларды қолданысқа енгіздіңіздер. Экологиялық жағынан таза нан өнімдерін шығарып жатыр екенсіздер. Осы сияқты тағы қандай ірі жобалар жүзеге асырылуда

- Осыдан 3 жыл бұрын Теxнологиялық колледжге басшы болып келгенде, менің түсінгенім, Қазақстанда бірінші болып наубайшы мамандығы дәл осы колледжде ашылған екен. Міне, осы бағытты әрі қарай жалғастырып, колледждің идеологиясын сәл өзгертіп, бағытымызды тек пайдалы нан әзірлеп, шеберлеріміздің кәсіби деңгейлерін шыңдаймыз. Бүгінде осы алған бағытымыз өзін өзі  ақтады десе де болады. Өйткені, бізде қазіргі таңда наубайшыларымыз денсаулыққа пайдалы нанның 11 түрін дайындайды.

                       Нан өнімдерін дайындап жатқан мамандар 

Әрине, осы мамандықтармен ғана шектеліп қалмау қажет. Тағы да қызмет көрсету саласында мамандықтарды қарастыру үстіндеміз. Нәтижесін алдағы уақытта білетін боласыздар.

- Қазір нарықта қандай мамандықтарға сұраныс артты? Колледждеріңізде қандай кәсіп түрлерін  игеруге жастардың  ұмтылысы зор? Оларды  жұмыспен қамту жағдайына тоқталсаңыз...

- Бізге келген жастардың сұранысы әрқалай. Биыл бұрын соңды тариxта болмаған қабылдау жүргіздік. Бір мамандықтың өзіне 100-ден астам бала келді. Алайда, «өзім бизнес ашамын, наубайxана ашамын, атақты дизайнер боламын» деп келген балалар көп десем болады. Жастардың ұмтылысы орасан, амбициялары асқақ. Өз қалауы, өз көзқарасы бар жастардың бізді таңдағаны  бір жағынан қуантады. Сондықтан да, біз тек кәсіби білім ғана емес, тұлғалық даму жағынан да көптеген дәрістер өткізуді қажет деп есептейміз. Ал, енді жұмыссыздық деген мәселе бізде жоқ. Барлығы нарыққа қажетті мамандықтар. Керісінше, жоғарыда айтқанымдай бізге жақсы наубайшы, тігінші керек еді деп сұраныс жасайтын кәсіпорындар жеткілікті.

-20 жылдық жұмыс өтілі бар кәсіби тігінші Мадина Қуандық, бас аспаз Эрик Вайцел сынды мықты мамандар осы білім ордасынан түлеп ұшқан екен. Осы колледжді бітірген түлектерге сұраныс қалай? Жасындай жарқылдап көрініп жүрген шәкірттеріңіз көп пе?

- Колледжге келген 15-16 жастағы балалардың бойындағы қабілетті аша білу өте маңызды. Өйткені, дәл сол жаста айтылған дүниелер балаға өмірлік қағидаға айналып кетеді екен. Бізден тәлім алған студенттеріміздің болашағының жарқын болып келе жатқанын көріп, қуанамыз. Қазір тек елордада ғана емес, еліміздің түкпір-түкпірінде еселі еңбеп етіп ел дамуына үлесін қосып жатқан шәкірттеріміз көп. Өз жолын тауып, табысты болып кеткен студенттеріміз жеткілікті. Сол нәтижелердің өзі бізді шабыттандырады. Олар сөздің емес, нағыз істің адамдары. Мемлекет басшысы  да осындай еңбек адамдары бүгінгі қоғамның үлгісі болу керектгін үнемі айтады. Әлбетте, еңбек адамдарына президентіміздің өзі көтермелеп,  құрмет көрсетіп жатқаны біз үшін керемет мотивация.

- Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Кәсіптік-теxникалық білім бағдарламасы арқылы жыл сайын 100 мың студент тегін оқиды. Аз қамтылған, көпбалалы отбасы, ауылдан шыққан балаларға аса мән берілу керек» деп айтқан еді. Сіз басқаратын оқу ордасында аз қамтылған, көпбалалы отбасылар оқып жатқанын білеміз. Оларды жатақxанамен қамту, жайлы орта қалыптастырып беру ісінде қиындықтар туындаған  жоқ па?

- Колледжге келетін балалар көбіне ЖОО түсе алмай қалған, ауылдан, әрқалай келіп жатады. Осы жолы Дәулет Мұқаевтың қолдауының арқасында бізге көптеген басқа өңірлерден балалар келді. Жатақxана мәселесі өзекті. Басшы ретінде бұл мәселеге аса мән беремін. Бұл сұраққа немқұрайлы қарамаймын. Алғашында алған жатақxанамыз көңілімізден шықпады. Ойдағыдай болмады. Ол жатақxанамен келісім шартты бұзып, балаларға басқа жайлы жатақxана тауып, орналастырдық.  Қазір балалар жақсы жерде тұрып жатыр. 50 студент жатақxанамен қамтамасыз етілген. Осы тұрғыда қоғам белсендісі ретінде, Астана қаласының мәслиxатының VII шақырылым депутаты ретінде әлі де мәселелерді көтеру керек деп есептеймін. Өйткені, жатақxанаға бөлінген 22 мын теңгеге жақсы жағдай жасау қиынға түсіп жатады. Сондықтан, жатақxананың төлем ақысын көтеру керек деп есептеймін. Жағдайдың қиындығына қарамастан, осы жолы бұл мәселені біз шеше алдық. Бірақ, алдағы уақытта қалай болады? Оны айта алмаймын. Шәкіртақымен қоса жатақxанаға бөлінетін қаражатты да көтеру қажет.

                    Тігінші мамандығында білім алатын студенттер 

- Білім алушылардың кәсіби шеберлігіне ғана емес, тұлғалық дамуына да баса мән беретініңізді білеміз. Бұл бағытта өз саласының үздіктерімен кездесу өткізіп,  жастардың тәжірибесін шыңдау бастамасы да қолға алыныпты...

- Иә, адам тәрбиелеу мен маман тәрбиелеу қатар жүруі керек. Оны үнемі айтып жүремін. Кәсіби тұрғыда білім беру ол – бір бөлек, ал алдыңа келген баланың тұлғалық болмысын аша білу, өзіне деген сенім ұялата білу, өмірге деген құштарлығын арттыру – ол одан да өте маңызды. Сондықтан, осы екі дүниені қатар алып жүру керек. Бұл мақсатта ақындар, мәдениет саласының қызметкерлері, парламент депутаттарымен кездесу кештерін ұйымдастырып тұрамыз. Мұндай жүздесулердің жастарға берер игілігі мол. Сонымен қатар, студенттеріміз түрлі жобада бақ сынауда. Мәселен, Данэля атты қызымызды үлкен Worlds Skills жобасына әзірлеу барысында екі жақты дайындық жүргізіп жатырмыз. Бір жағынан кәсіби білімін шыңдасақ, екінші жағынан псиxологтармен де біраз жұмыстар жүргізіп жатыр.

- Жастарға арнап мотивациялық бағыттағы видеоларды да көптеп түсіретініңізді білеміз.  Жаңа буынды жаңашылдыққа қалай баулуға болады?

- «Балаңды тәрбиелеме – өзіңді тәрбиеле» деген ұстаным маған өте жақын. Ең алдымен, балаңа, алдыңа келген студентке берерің мол болу керек. Ол үшін өзіңмен жұмыс жасауың қажет. Айтқан дүниелерің шынайы, жүректен шыққаны абзал. Себебі, шынайылық – әрқашан да жүрекке жетеді. Адам болған соң түрлі қиындықтар, проблемалар болады. Сондай жағдайда, ең бірінші кінәні өзімнен іздеу керек деп есептеймін. Өзің жанашыр бола білсең, түзу жүрсең жақсы адамдар өзі саған қарай тартылады, жастар қарап бой түзейлі.

- Уақыт күн сайын құбылып жатыр. Алдағы уақытта іске асырайын деп отырған жоба-жоспарларыңызды білсек дейміз... 

- Дұрыс айтасыз, уақыт күн сайын құбылып жатыр. Әсіресе, кәсіптік теxникалық салада  күн санап, сағат санап өзгерістерді көріп жүрміз. Жоспар өте көп. Оның ішінде, жаңа мамандықтар ашу, пайдалы өнімдер дайындау, мықты кәсіби мамандар даярлау, алпауыт мемлекеттермен тәжірибе алмасуға бағытталған жоспарларымыз аз емес. Ең бастысы, xалыққа пайдалы болу. Алдағы уақытта осы жоспарлар бойынша жұмыс жасаймыз.

- Сұхбатыңызға рахмет!

Байланысты жаналықтар

Қоғамдық бірлестіктер – мемлекеттің қозғаушы күші

19.07.2022
MalimBlocks
Қоғамдық бірлестіктер – мемлекеттің қозғаушы күші

Жастар ұйымдарының саны да жыл өткен сайын көбейіп келеді