Марат Сұлтанғазиевтің командасы жемқорлық күдігіне іліне бастады

Осы күнге дейін қарамағындағы кадрларын жасақтап біте алмай жатқан Алматы облысының жетекшісі Марат Сұлтанғазиев әкім болған бір жылдық мерейлі датасын (маусымның 11-де) көңілсіз кейіпте қарсы алатындай.

  • 15.05.2023

Өйткені, Антикор яғни,  Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Алматы облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Әлия Жақыпбекованың (фотода) қамауға алынғанын,  оның бюджет қаржысын заңсыз шашу күдігіне ілінгенін растады. Тергеу тәртібіне орай, басқа ақпарат айтылмады. Қанша қаржы шашты, қалай шашты, о жағы әзірге белгісіз.

Белгілісі, Марат Сұлтанғазиев Алматы облысына әкім болып келгенінде аттай қалап алған алғашқы кадры осы - Әлия Жақыпбекова еді. Енді, сот оны айыпты деп тапса, онда Марат Сұлтанғазиевке тағы да маман іздеу қажет болады. Егер істі болуы әбден мүмкін мәдениет басқармасының басшысы үшін әкімнің орынбасары қызметінен кетіп жатса, онда Марат Сұлтанғазиевке тіпті соққы. Өйткені, Алматы облысы әкімінің бір жылдан бергі бар жұмысы қызметке адам алу және оны қайтадан шығару немесе тағайындау болып тұрғандай.

Қалай дерсіз? Былтыр президент жарлығымен Алматы облысы екіге бөлінді. Жаңадан құрылған немесе бөлініп шыққан Жетісу облысының орталығы Талдықорған қаласы болды.

Алматы облысының орталығы Қонаев қаласына көшті. Алматы облысының әкімдігі Талдықорғаннан үдере көшті демесеңіз, заң жағынан да, іс жағынан да Алматы облысы өз орнында қалды.

Ал, жаңа облыс Жетісуге әкім бекігенімен ол кісі біраз уақытқа дейін не мөрсіз, не банктік реквизитсіз, не еш құзырсыз, не қызметкерсіз жүрді. Өйткені, әкім, облыс, банк, мөр, қызметкер статусы кейіннен бекіді. Алматы облысында мұндай проблема болған жоқ. Бірақ, салыстыра қарасақ, Жетісу облысының әкімі қажетті кадрларын тез жиып алды да, қызу жұмысқа кірісіп кетті.

Ал Алматы облысының әкімі абдырап қалғандай көрінді. Өйткені, біраз басқарма тіпті бір жылға жуық басшысыз қаңырап тұрды. Ал, ел ішінде «облысты бұрын қаскелеңдіктер басқарса, енді, Шелектен шыққандарға бақан тиді» деген сөз де тарады.

Қалай десек те, Марат Сұлтанғазиев осы қызметке келгелі кадр таппай, дымы құрып, тауысылып отырған адамдай көрінеді. Мәселен, осы күнге дейін ауыстырған аудан әкімдерін, республикалық құзырлы орындар тағайындайтын жергілікті департаменттерді есепке алмағанда, Марат Сұлтанғазиев 30-дан астам өкім шығарып, түрлі басқармаға басшы тағайындапты. Яғни, айына үш басшыдан тағайындап отырған. Бір қызығы, бір басқармаға екі адамды тағайындаған жағдайы да бар. Мәселен, былтыр қыркүйек айында Дастан Шалтабаевты энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық басқармасы басшылығына  тағайындайды. Одан кейін бес ай өтпей жатып, дәл осы басқармаға  Асхат Бердіхановты тағайындайды. Басшысы ауыса берген басқарманың жұмысы жүрмейтінін бұл жерде айтып керегі жоқ шығар.  

Тағы бір мысал, Әдеп жөніндегі уәкіл етіп алдымен Айдын Әуесбайды тағайындайды, сосын,  жарты жыл өтпей жатып, бұл қызметке Қуаныш Сағымбаевты жөн көреді.

Данияр Ахметов әкім көмекшісі болып тағайындалады, сосын көп ұзамай, облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары боп шығады.

Облысы әкімінің орынбасары Рустам Исатаевтың жағдайы осылай, алдымен көмекші, сосын, әкім орынбасары.  

Біреуді қызметке тағайындамаса, жұмысы жүрмей тұрғандай көретін Марат Сұлтанғазиев Аманжол Абдрахмановты алдымен облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары етіп жұмысқа алады. Сосын, Аманжолдан ұялды ма, әлде басқа ма, оны облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы ғып тағайындап тастайды.

Әрине, басшы болған соң қызметкерді тағайындап, жұмыстан босатып жатады. Бірақ, өзі алып келген кадрды ары-бері сапырып отыру, қайта-қайта міндетін ауыстыру облыс әкімі үшін абыройлы іс емес болса керек. Ал, өзі тағайындаған кадрдың Антикордың күдігіне ілінуі Марат Сұлтанғазиевтің бір жылдық жұмысының бір көрінісін айқын ашып тұрғандай.

Айтпақшы, Алматы облысы әкімі Марат Сұлтанғазиевтің командасы істерге басқа жұмыс таппады ма, әлде, ақылдары жеткен жер  осы болды ма, Алматы облысы туралы үздік ұран сөзге байқау жариялаған еді. Осы байқаудың соңы немен аяқталғанын білмейміз. Дегенмен, Марат Сұлтанғазиев әлі де ұран іздеп жатса, "кадрың жемқорлықпен ұсталса, қадірің қалмайды" деген сөзді ұран ретінде ұсынғымыз келеді.

 

 

 

Байланысты жаналықтар

 Марат Сұлтанғазиев сияқты әкім жоқ, мақтау да, балмұздақ та артық етпейді

17.05.2023
MalimBlocks
 Марат Сұлтанғазиев сияқты әкім жоқ, мақтау да, балмұздақ та артық етпейді

Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевтің бүгінгі жұмыс уақыты зая кеткен жоқ. Бүгін ол тағы да бір тағайындауға қол қойды!