Назарбаев Әлиев туралы: "Қызметін пайдаланып, бизнеске қысым жасады, ақшаларын тартып алды..."

Malim Админ

  • 06.07.2021

Бүгін режиссер Оливер Стоунның Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев жайындағы "Qazaq: history of the golden man" деректі фильмінің премьерасы өткен. Сол фильмде Н. Назарбаев бұрынғы күйеу баласы Рахат Әлиев туралы айтқан. Оны лауазымды қызметке тағайындағаны үлкен қателік болғанын мойындаған.

«Ол қаржы полициясының басшы болды. Қызметін пайдаланып, бизнеске қысым жасады, ақшаларын тартып алды (бизнесмендердің). Бір кездері мен ескерту жасадым. «Тоқтат!». Менің күйеу балам ғой, ойлаңызшы. Үш кішкентей немерем бар. Қызым, үш жиенім әкелерімен – бәрі келіпті. Мен: «Мен не істей аламын? Міне, қылмыскер мынау дедім» деген Н. Назарбаев.

«Бұл жаныңызға қатты батқан шығар?» деген Стоунның сұрағына:

«Қатты ауыр тиді. Басқа біреу болғанда... Бұл жерде өзіңнің арқа сүйейтін, сенімді адамың... Кеше Дариғанікінде болдыңыз ғой?» деп сұрақпен жауап береді.

«Иә, ол бұл тақырыпты қозғағысы келмеді», - дейді Стоун.

«Оны түсінем. Бәрін өткерді. Оны аяймын», - дейді Н. Назарбаев.

Рахат Әлиев Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен қызы Дариға Назарбаеваға 1983 жылы үйленген.

2000 жылдардың басында Қазақстандағы ықпалды саясаткерлердің бірі болды. Мамандығы дәрігер Рахат Әлиев 39 жасында ҰҚК төрағасының орынбасары, кейін президенттің күзет қызметі бастығының орынбасары болды. Ол 2002 жылы Қазақстанның Австриядағы елшісі болған.

2007 жылы көктемде Қазақстан ішкі істер министрлігі Рахат Әлиевке қатысты қылмыстық іс қозғады. Әлиевке "Нұрбанктің" екі топ-менеджерін (кейін олардың сүйегі табылды) ұрлады, қылмыстық топ құрды және басқарды деген айыптар тағылды. 2007 жылы мамырда Рахат Әлиевке халықаралық іздеу жарияланды. Әлиев өзіне тағылған айыпты 2012 жылы өтетін президенттік сайлауда кандидатурасын ұсынбақ жоспарымен байланыстырған.

2007 жылы Дариға Назарбаевамен ажырасады.

2014 жылы Венада тұтқындалып, 2015 жылы Вена түрмесінде жұмбақ жағдайда қайтыс болады.