Өлім жазасына кесілген экс-президент қайтыс болды
Пәкістанның экс-президенті Первез Мушарраф 79 жасында Дубайдағы жеке ауруханада көз жұмды.
Ол 2001-2008 жылдары Пәкістан президенті болған еді. Ал 2019 жылы Пәкістан соты Мушаррафты «мемлекетке сатқындық жасағаны үшін» өлім жазасына кескен еді. Алайда, сот үкімін іске асыра алмады. Өйткені, өмірінің соңғы жылдарын Первез Мушараф шет елде, анығында Біріккен Араб Әмірліктерінде өткізді. Дипломат отбасында дүниеге келген, Пәкістан әскери академиясында, Ұлыбританияның король қорғаныс колледжінде білім алған Мушарраф 1999 жылғы әскери төңкерістен кейін билікке келген еді. 2002 жылы Мушаррафтың президент мерзімі 5 жылға ұзартылды. 2007 жылы заңды белшесінен басқан Мушарраф тағы да президент сайлауына түсіп, екінші мерзімге сайланды. Жоғарғы сот оның жеңісін жариялауды кешіктіріп, оның соңы саяси дағдарысқа ұласқан. Мушарраф елде төтенше жағдай жариялап, конституцияның күшін тоқтатты. Кейін президент ретінде ант қабылдады. 2008 жылы ақпанда болған парламент сайлауында оппозиция жеңіске жетті. Жеке басының қауіпсіздігін ойлаған Мушарраф отставкаға кетіп, Лондонға қашты. Бірақ, 2013 жылы парламент сайлауына қатысу үшін еліне оралды. Алайда, үйқамаққа алынып, үстінен түрлі қылмыстық іс қозғалды. Тергеу ісі мен сот ұзаққа созылды. 2016 жылы денсаулығы нашарлаған Мушарраф шетелге емделуге рұқсат алды. Ол сот кезінде жауап беруге Пәкістанға оралуға уәде берген болатын. Бірақ, сол кеткеннен еліне оралмады. 2019 жылы Пәкістан соты Мушаррафты өлім жазасына кескен еді.