Қыл үстіндегі қауіпсіздік: Орталық Азияда су үшін талас басталды ма?

Есдәулет Қызырбекұлы

  • 04.05.2021

Сәуірдің 29-ы күні Қырғызстан мен Тәжікстан арасында әскери қақтығыс болып, салдарынан 50 адам көз жұмды, 200-ден астам адам жарақат алды. Тараптар оқ атуды тоқтатып, ұрыс болған аймақтан әскерлерін шығарғанымен мәселе шешілген жоқ. Ресми Бішкек пен Душанбе қақтығысқа бір-бірін кінәлауда. Оның арты неге алып келетіні әзірге белгісіз. Бірақ оның неден шыққаны белгілі. Бүгін біз қырғыз-тәжік әскери қақтығысына триггер болған су дауы жөнінде әңгіме қозғауды жөн санадық. 

Қырғызстан мен Тәжікстан шекарасында ұлтаралық қақтығыстар Кеңес Одағы құлағалы бері болып келеді. Бірақ олардың барлығы дәл бүгінгідей масштабқа жетпеген. Әркез екі тараптың билік өкілдері қақтығыс болған ауданға барып, халықпен кездесіп, басу айтып, келісімге келетін. Бірақ бұл жолы ондай болған жоқ. Себебі 50 адамның өмірін қиған қақтығыс Орталық Азияның «пандора жәшігі» саналатын су дауынан басталды.

28 сәуірде Тәжікстанның бір топ азаматы Көк-Таш ауылы маңында, шекарада орналасқан «Головной» су тарату орталығына бейнекамера қоймақшы болған. Оған қырғыз тарапы қарсы шығып, арты төбелеске, кейіннен қарулы қақтығысқа ұласқан. Бұл әрине аймақта онсыз да ушығып тұрған ахуалдың одан сайын өршуінің бір себебі ғана. Бірақ қарулы қақтығыстың триггері дәл осы сумен байланысты болып тұр. Халықаралық сарапшылар осыған дейін сан мәрте «Орталық Азияда болашақта су үшін талас, қарулы қақтығыстарға алып келуі мүмкін» деген болжамдар айтқан. Сөзіміз жалаң болмас үшін соңғы жылдар Орталық Азияда болған су дауына қысқаша шолу жасайық.

2016 жылы Қырғызстанның Жалал-Абад облысында орналасқан Қасан-Сай су қоймасына байланысты Өзбекстан шекарадағы «Маданият» көлік өткізу бекетіне әскери техникасы мен қарулы сарбаздарын қойған. Ташкенттің бұл әрекетіне жауап ретінде Бішкек те Чаласарт аймағына бронетехника мен әскерін орналастырған. Бірақ кейіннен жағдайды ушықтырмау мақсатында әскерін кері шегіндірген.

Қасан-Сай су қоймасы негізінде тұтастай Қырғызстан аумағында орналасқан. Ол стратегиялық маңызға ие кешендер санатына жатады. Қасан-Сай суына Қырғызстан ғана емес, Өзбекстан да тәуелді. 2016 жылға дейін Ташкент 1941 жылы Қасан-Сай су қоймасы Өзбекстанның қаржысына салынғанын айтып, кешенді басқаруды даулап келсе, Бішкек оған қарсы шығып, су қоймасы толықтай Қырғызстан аумағында екенін алға тартқан.

Ұзақ жылдық келіссөздерден кейін 2017 жылы сол кездегі Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев пен Өзбекстан басшысы Шавкат Мирзиеев Қасан-Сай су қоймасына қатысты келісімге қол қойған. Құжат бойынша кешен толықтай Қырғызстанның басқаруына берілген. Ал Өзбекстан су қоймасының жұмысын қамтамасыз етуге қаржы бөлетін болған.

2019 жылы Өзбекстан мен Қырғызстан арасында шекаралық аймақта орналасқан Керкидан су қоймасына байланысты дау шыққан. Дәл осы жылдың 10 қыркүйегінде Өзбекстан тарабы су қоймасын қоршап, шекара бағандарын қоя бастаған. Бірақ оған Ош облысы, Араван ауданының халқы қарсы шыққан. Халық Керкидан су қоймасының 60 пайызы Қырғызстанға тиесілі екендігін алға тартқан. Ал ресми Ташкент Бішкекпен шекараны делимитация және демаркациялау бойынша 2017 жылы келісімге келгенін, құжат бойынша су қоймасы Өзбекстанға тиесілі екендігін алға тартқан. Екі жақты келісімнен кейін Керкидан су қоймасы толықтай Өзбекстанға берілген. Қырғызстан оның орнына шекаралық Араван ауданында орналасқан Гулбаар ауылы маңындағы жерін Өзбекстанға қарата кеңейткен.

2020 жылы мамыр айында Қырғызстанның Баткен облысы мен Өзбекстанның Сох анклавы тұрғындарының арасында суға талас болып, қос тарап бір-бірін таспен атқылап, 15 адам жарақат алған.

Өзбекстан мен Тәжікстан арасында да су дауы бар. Ресми Душанбе 1976 жылы басталып, Кеңес Одағы құлағаннан кейін тұралап қалған Рогун ГЭС-інің құрылысын тәуелсіздік алғаннан  соң қайта жандандырған. 2016 жылы ел президенті Эмомали Рахмон Рогун  су бөгеті құрылысының басталу шарасына өзі қатысқан. Оған Ташкент наразылық білдіріп, Вахш өзенінің суын арнасынан бұру экологиялық апатқа алып келетінін алға тартқан. Вахш өзенінің басынан буу расымен де апатқа алып кетуі мүмкін. Себебі Әмудария суы онсыз да жыл өткен сайын азайып барады. Оған жер бетінен жойылып кетудің азақ алдында тұрған Арал теңізі дәлел.

Ислам Кәрімовтің тұсында Өзбекстан Тәжікстанның Рогун ГЭС-ін салу бастамасына жәй ғана ауызша қарсы болған жоқ. Ол іс жүзінде де қарсылығын білдірді. 2009 жылы Ташкент Орталық Азияның біріккен энерго жүйесінен шығып, Тәжікстанға тасымалданатын Түркіменстан газын тоқтатып тастады. 2011 жылы Өзбекстан Оңтүстік Тәжікстанның барлық темір жол тасымалы өтетін Галаба-Әмузанг темір жол торабын жапты. 2013 жылы Тәжікстанға газ тасымалын 100 пайызға қысқартты. Душанбе газдың 95 пайызын Ташкенттен сатып алатын болғандықтан ел табиғи отынсыз қалды. Осыдан кейін көптеген кәсіпорындар мен халық көмір отынына көшті. Ташкент бұнымен тоқтаған жоқ. Шекараны жауып, оны тіпті миналап тастады.

Билік басына Шавкат Мирзиеев келгеннен кейін екі ел қарым-қатынасы біршама жақсарды. Мирзиеев пен Рахмонның кездесуінен кейін БАҚ-та «Өзбекстан Рогун ГЭС-інің құрылысына қатысуы мүмкін» деген де ақпараттар шыға бастады.

Орталық Азиядағы су дауы Қазақстанды да айналып өткен жоқ. 2013 жылы Қырғызстанның Талас облысының халқы шекараны делимитациялау шешіміне келіспей, трансшекаралық су арнасын бөгеп, салдарынан Жамбыл облысының бірнеше егістік аймағын 10 күнге сусыз қалдырған. Қырғызстаннан ағып келетін Шу және Талас өздерін пайдалануға байланысты дау жыл сайын шығады. Жамбыл облысы пайдаланатын судың 80 пайызы осы екі өзеннен алады.

2019 жылы Қырғызстан парламенті Қырғыз Республикасының Су Кодексіне өзгертулер мен толықтырулар енгізу мәселесін талқылаған. Қырғызстанның сол кездегі ауылшаруашылығы, тамақ өнеркәсібі және мелиорация министрінің орынбасары Жаныбек Керімәлиев «Су туралы заңға өзгертулер енгізілсе, Қырғызстан көрші елдерден су үшін қаржы талап ете алады» деп мәлімдеген. Бұған дейін дәл осы мәселені 2000 жылдары Қырғыз парламентінде депутат Турдакун Усубәлиев көтерген болатын. Бірақ сол кездегі Өзбекстан президенті Ислам Кәрімов бұған қарсы шығып, «су жалпыға ортақ трансұлттық меншік» деп мәлімдеген.

2017 жылы Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевты сынап, мәлімдеме жасаған уақытта да дәл осы су мәселесі айтылған. БАҚ-та «Қазақстан тарапы шекараны жапқан тұста, Қырғызстан Талас су қоймасындағы суды толығымен Жамбыл облысына қарата ағызып жіберді» деген ақпараттар тараған. 2019 жылғы статистика бойынша, Қазақстан Қырғызстанға су алғаны үшін жылына 119 миллион теңге төлеп келген. Бірақ бұл қаржы суға емес, Қырғызстан аумағындағы су қоймаларын жөндеуден өткізуге берілген.

Қазақстан үшін Орталық Азияғы су дауынан бөлек, Қытай мен Ресейден келетін өздендер мәселесі бар. Ертіс, Іле, Орал өздендерінің суы жыл сайын төмендеп бара жатқаны белгілі. Эколог мамандар Каспий мен Балкаш Аралдың тағдырын қайталауы мүмкін деп дабыл қағуда. Бұған қоса, бүгін экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Қытайдан бастау алатын Қорғас өзенінің суы соңғы үш жылда азайғанын, салдарынан жергілікті фермерлерге су жетпей жатқанын мәлімдеді.

Орталық Азиядағы су тапшылығына байланысты осыған дейін болған әсери және ұлтаралық қақтығыстарға қарап, бұның арты болашақта толыққанды соғысқа ұласа ма, жоқ па оны дөп басып айту қиын. Бірақ су үшін болып жатқан мемлекетаралық жанжалдарды әлемдік және аймақтық державалар геосаяси ойындарына пайдаланып кетуі мүмкін екендігіне жоққа шығаруға болмайды...

 

 

 

 

 

Байланысты жаналықтар

Қазақстан мен Ресей энергетика саласындағы қатынасты нығайтуға ниетті

11.10.2024

Қазақстан бидайы Қытайға экспортталады

07.10.2024

Референдумда халықтың 71,12 пайызы АЭС құрылысын қолдады

07.10.2024

Қарсылас - азулы Аргентина. Қазақ футзалшылары Мессидің жерлестерін жеңе ала ма?

30.09.2024

Қазақстан үстел теннисінен Грузияда өткен турнирде алтын алды

30.09.2024

Елімізде кәсібін ұрпағына қалдырып отырған жүздеген әулет бар

29.09.2024
MalimBlocks
Қазақстан мен Ресей энергетика саласындағы қатынасты нығайтуға ниетті

Қазақстан бидайы Қытайға экспортталады

Арпа және жемшөп дақылдары – бүкіл Қытай бойынша экспортталады

Референдумда халықтың 71,12 пайызы АЭС құрылысын қолдады

Референдумға қатысуға құқығы бар Қазақстан Республикасы азаматтарының жалпы саны 12 млн 284 мың 487

Қарсылас - азулы Аргентина. Қазақ футзалшылары Мессидің жерлестерін жеңе ала ма?

Екі құрама бұған дейін екі мәрте кездесті.

Қазақстан үстел теннисінен Грузияда өткен турнирде алтын алды

Финалда қазақстандықтар Беларусь командасын 3:1 есебімен жеңді

Елімізде кәсібін ұрпағына қалдырып отырған жүздеген әулет бар

Бүгін елімізде – Еңбек күні!