Тоқаев бірнеше елдің президентімен кездесті

Арман Қайыпхан

  • 12.11.2024

Климаттың өзгеруі жөніндегі БҰҰ-ның негіздемелік конвенциясына қосылушы тараптардың 29-шы конференциясы аясында Қасым-Жомарт Тоқаев Финляндия Президенті Александр Стуббпен кездесу өткізді, деп хабарлайды Malim.kz.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Финляндия – Қазақстанның Солтүстік Еуропа аймағы мен тұтас Еуропа Одағындағы сенімді әрі уақыт тезінен өткен серіктесі.

Мемлекеттер басшылары екіжақты қарым-қатынасты, атап айтқанда, сауда-экономика және мәдени-гуманитарлық салалардағы байланыстарды одан әрі дамытуға бейіл екенін жеткізді. Сонымен қатар фармацевтика, өнеркәсіптік машина жасау және инженерия сияқты салаларда фин компанияларымен бірлесе қолға алған жобалардың табысты жүзеге асырылып жатқанын атап өтті.

Бұдан бөлек, тараптар халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер, сондай-ақ көпжақты құрылымдар аясындағы ықпалдастық жөнінде пікір алмасты. Қазақстан Президенті Финляндияның ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету ісіне табыс тіледі.

Келіссөздер қорытындысы бойынша Қазақстан мен Финляндия президенттері бір-біріне сапармен баруға келісті. Бұл сапарлар Астана мен Хельсинки арасындағы саяси және экономикалық серіктестікті нығайтуға тың серпін береді.

Сондай-ақ БҰҰ климаттың өзгеруі жөніндегі 29-шы конференциясы аясында Қасым-Жомарт Тоқаев Гвинея-Бисау Президенті Умару Сисоку Эмбаломен кездесу өткізді.

Президент Гвинея-Бисау елін Қазақстанның Африка құрлығындағы маңызды серіктестерінің бірі ретінде атап өтіп, екі ел арасындағы достық байланыс пен өзара тиімді ынтымақтастықты нығайтуға бейіл екенін растады.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Қазақстан – ашық әрі бейбіт саясат ұстанатын және аймақтағы ең ірі экономикасы бар ел. Сондай-ақ ол қос мемлекеттің арасындағы серіктестіктің перспективасы мол деп санайды.

Мемлекет басшысының пікірінше, Қазақстан мен Гвинея-Бисау географиялық тұрғыдан қашық орналасқанына қарамастан, ауыл шаруашылығы, логистика және ақпараттық-коммуникациялық технология салаларында ықпалдастықты дамытуға мүмкіндігі бар.

Өз кезегінде Умару Сисоку Эмбало екіжақты қарым-қатынастың әлеуетін талқылауға мүмкіндік жасағаны үшін Қазақстан Президентіне алғыс айтты.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Умару Сисоку Эмбалоны өзіне қолайлы уақытта Қазақстанға ресми сапармен келуге шақырды.

Осыдан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев СOP29 Дүниежүзілік климат саммиті аясында Кувейттің Тақ мұрагері, шейх Сабах Халид әл-Хамад Ас-Сабахпен кездесу өткізді. 

Мемлекет басшысы Кувейтті Қазақстанның араб әлеміндегі маңызды серіктесі ретінде атап өтті.

Президент екі ел арасында тұрақты саяси диалог пен экономикалық ықпалдастық дамып келе жатқанына назар аударып, Қазақстанның Кувейтпен жан-жақты ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға бейіл екенін растады.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Кувейттің Қазақстан экономикасына қаржы құятын ірі инвестордың біріне айналуға әлеуеті мол екеніне сенім білдіріп, елімізде бірқатар Кувейт компаниясының табысты жұмыс істеп жатқанын мысалға келтірді.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен шейх Сабах Халид әл-Хамад Ас-Сабах бірлескен инвестициялық жобаларға баса мән бере отырып, сауда-экономикалық байланыстарды жандандыра түсу жөнінде уағдаласты.

Әңгімелесу барысында көпжақты құрылымдар аясындағы, соның ішінде Орталық Азия – Шығанақтағы араб мемлекеттерінің ынтымақтастығы кеңесі форматындағы ықпалдастыққа басымдық берілді.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Кувейт Әмірі Мишааль әл-Ахмад әл-Джабер Ас-Сабахты Қазақстанға сапармен келуге шақырды.

Осыған қоса Дүниежүзілік климат саммиті аясында Қасым-Жомарт Тоқаев Руанда Президенті Поль Кагамемен кездесу өткізді.

Тараптар саяси және сауда-экономика салаларындағы екіжақты қарым-қатынастың даму перспективасын, сондай-ақ халықаралық ұйымдар шеңберіндегі ынтымақтастықтың мүмкіндіктерін талқылады. Мемлекет басшысы Руандамен берік әрі өзара тиімді серіктестікті дамытуға ерекше мән беретінін атап өтті.

Өз кезегінде Президент Поль Кагаме еліміздің саяси және әлеуметтік-экономикалық салалардағы жетістіктерін жоғары бағалап, Қазақстанмен ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделі екенін жеткізді.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Поль Кагамені Қазақстанға сапармен келуге шақырды.

Фото: Ақорда

Байланысты жаналықтар

Тоқаев Дүниежүзілік банк тобының президенті Аджай Бангамен кездесті

03.12.2024

Қасым-Жомарт Тоқаев кеңесшісі Зүлфия Сүлейменованы қабылдады

29.11.2024

Президент Мәдениет және ақпарат министрін қабылдады

29.11.2024

Қасым-Жомарт Тоқаев Албания президентін Тәуелсіздік күнімен құттықтады

29.11.2024

Астанада өтетін ҰҚШҰ саммитіне 5 елдің басшылары қатысады

26.11.2024

Елімізге мемлекеттік сапармен Ресей Президенті Владимир Путин келетін болды

25.11.2024
MalimBlocks
Тоқаев Дүниежүзілік банк тобының президенті Аджай Бангамен кездесті

Қасым-Жомарт Тоқаев кеңесшісі Зүлфия Сүлейменованы қабылдады

Президент Мәдениет және ақпарат министрін қабылдады

Қасым-Жомарт Тоқаев Албания президентін Тәуелсіздік күнімен құттықтады

Астанада өтетін ҰҚШҰ саммитіне 5 елдің басшылары қатысады

Армения өкілдерінің есімдері аталған жоқ

Елімізге мемлекеттік сапармен Ресей Президенті Владимир Путин келетін болды